Ер адам 38 жастағы жан жарының үстіне бензин шашып, өртеп жіберген.
иллюстрациялық фото
Елордада әйелімен 18 жыл отасып, 6 бала сүйіп, кейін жанжал кезінде оны өртеп жіберген ер адамға қатысты сот отырысы өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Көрсін халық. Аса қатыгездікпен істегеннен кейін көрсін, білсін, не болғанын".
Қылмысты басынан аяқ білуге тиіс сот отырысқа куәгерлерді де шақырды.
"Шашы күйген, түсіп қалған. Құлағы қып-қызыл. Өзі сөйлеп тұр. Мен айттым: "Арақ ішіп алдың ба, неге мынандай болып тұрсың?" деп, "Мен арақ ішпеймін, мені күйеуім өртеді", деді» - дейді куәгер Ақмарал Төлемісова.
Судъя көз жұмған әйелдің анасынан: «Күйеуінің бұл қылмысқа баруына не себеп болды?» деген сұрақ қойды. Қарт ана: «Қызғаныш», деді. Араларында 6 бала болса да, отағасы жан жарын көршісімен көңілдес болдың деп айыптапты. Ал, әйелі айыпты жоққа шығарғысы келсе, ақылға қонбас жолмен дәлелдеуді талап еткен.
"Егер сен шынымен сонымен жүрмесең, сен үстіңдегі бар киіміңді жалаңаш көшені айналып келші, сол кезде мен саған сенем деген. Соған енді "мен жүрген жоқпын ғой", "онымен мен сөйлеспеймін" дейді екен" - дейді марқұмның анасы Дәмегүл Қашеғанова.
Сотталушының анасы баласының мұндай қадамға баруына жұбайының өзі кінәлі, дейді. Ұрыс-керіс көкесі келіншектің отбасынан бас тартқанында басталыпты. Кейуананың айтуынша, ұлы сол мезгілде күйзеліске түскен-мыс.
"Жүр үйге дедім, келмеді. "Мен, деді, бала-шағадан, күйеуімен бас тартам. Бармаймын", деді" - дейді сотталушының анасы.
Алайда, қайғыдан қан жұтқан тарап бәрін жоққа шығарды. 18 жыл отасқан ерлі-зайыптылар талай жанжалдасыпты. Көбінде отағасы ащы суға сылқия тойып, көк-ала қойдай әйелін сабап, балаларына да күн бермейтін еді дейді, қызынан айырылғын ана.
Сұмдық оқиға өткен жылдың қазан айында болған еді. Ер адам 38 жастағы жан жарының үстіне бензин шашып, өртеп жіберіп, денесінің 75 пайызы кйіп қалған келіншек бір айдан кейін ауруханада көз жұмған болатын.