Қызметтік көлікке жалған нөмір таққан полиция басшысы отставкаға кетті

0
674

Қостанай облысындағы Сарыкөл ауданында бас полицей мен прокурор жеке шаруалармен жүргенде көлікке бірдей нөмір таққан. Осы оқиғадан кейін полиция басшысы өз еркімен қызметінен кетті.


Қызметтік көлікке жалған нөмір таққан полиция басшысы отставкаға кетті

ERNUR.KZ. Қостанай облысы Сарыкөл ауданы полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіқалықов жалған нөмірге қатысты туындаған жанжалдан кейін отставкаға кетті, деп жазады sputnik.kz.

Өткен айдың басында оқырмандар аудан прокуроры Асқар Сыздықов мініп жүрген Chevrolet Niva маркалы көліктің фотосын жіберген. Рөлде прокурордың өзі отыр. Ал мемлекеттік тіркеу нөмірі "787 ELA 10" болған. Тағы бір фотода тура сол көлік, бірақ қызмет бабымен жүргенде оның нөмірі басқаша - 044 РК 10.

Ал қарашаның соңында суретке аудандық полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіқалықовтың SsangYoung маркалы қызметтік көлігі фотоға түсіп қалды. Рөлде отырған адамның беті дұрыс көрінбейді. Ал мемлекеттік тіркеу нөмірі прокурордың көлігімен бірдей - 787 ELA 10. Шын мәнінде, қызметтік көліктің нөмірі ондай емес. Аудан тұрғындарының айтуынша, шенеуніктер жеке шаруалармен шыққанда 787 ELA 10 нөмірін тағып алады.

Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаевтың айтуынша, SsangYoung маркалы көлік бойынша қызметтік тергеу жүргізіледі. Рөлде отырған адам анықталмады. Себебі бет-әлпеті дұрыс көрінбейді. Полиция басшысы екенін де дәлелдеу қиын. Тексеріс кезінде жалған нөмірлер табылмады. Ал Әбдіқалықов пен оның жүргізушісі тағылған айыппен келіскен жоқ.

Дегенмен, полицейлер мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылды. Ал Қайрат Әбдіқалықов отставкаға кетуге өтініш жазды. Рөлде отырған адамды анықтауға да тапсырма берілді. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 590-бабы, 4-тармағы (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi бар көлiк құралын басқару) бойынша 20 айлық есептiк көрсеткiш (58 340 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу немесе бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қостанай облысының прокуроры Берік Әбілов аудан прокурорының әрекетіне қатысты қысқа ғана жауап жіберді.

"Осы факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр", - дейді ол.