14 жастағы жасөспірім анасымен ұрсысып қалған екен
ERNUR.KZ. Зырян аудандық соты өкілдерінің ақпараты бойынша, жуықта жергілікті тұрғынға қатысты іс қаралған екен. Бұл істің ерекшелігі, әйел адам 14 жастағы қызы төрт күн үйде болмағаны үшін жауапқа тартылып отыр, деп жазады altaynews.kz.
Анықталғандай, қызы Евгения анасымен ұрсысып, үйден кетіп қалады. Қоңырау шалғанда, құрбысының үйінде отырғанын айтқан, ал біраз уақыттан кейін мүлде қоңырауға жауап бермей қояды.
Қызы үшін алаңдаған ана Зырян аудандық Полиция бөліміне (Ішкі істер) жүгініпті. Екі күннен кейін тәртіп сақшылары жоғалған жасөпірімді іздеп тауып, үйіне қайтарды. Ол осы уақыт бойы таныстарының үйінде болған екен.
Кәмелет жасқа толмаған баласы үшін заңды өкілі жауапкершілікке тартылатыны белгілі. Анасы қызының төрт күн үйде болмағанын мойындады. Мұндай ұқсас жағдайлар бұған дейін де орын алған көрінеді.
Сот үкімі бойынша, жасөспірімнің анасы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 7 АЕК (16 835 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.