Қызылордада жасөспірімдердің төбелесіне араша болған полицейлерге шабуыл жасалды

0
736

Төбелескен 13 және 17 жас аралығындағы жасөспірімдер туған бауырлар болып шықты.


Қызылордада жасөспірімдердің төбелесіне араша болған полицейлерге шабуыл жасалды

ERNUR.KZ. Қызылордада ағайындылар өзара төбелес шығарып, оларға араша болған полицейлерге шабуыл жасалды, - деп жазады Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде адамдарды ұстап жатқан сәттің видеосы таралды. Кадрларда ер адам полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп жатыр.

Оқиға Қызылордада болғаны анықталды.

Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі, 18 шілдеде таңертең Қызылорда қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне көпқабатты үйдің ауласында төбелес шыққаны туралы хабар келіп түскенін хабарлады.

"Оқиға болған жерге келген патруль мүшелері кәмелетке толмағандар жанжалдасып жатқанын анықтады. Полиция қызметкерлері араға түсіп, оларды айыра бастады. Бұл уақытта үлкендер келіп, полицейлердің заңды талаптарына мән берместен, тәртіп сақшыларына қақтығысты тоқтату үшін кедергі бола бастады", - деп хабарлады полиция өкілдері.

13 және 17 жас аралығындағы жасөспірімдер туған бауырлар болып шықты.

Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал кәмелетке толмағандардың әкесіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 1-бөлігі "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.