22 млн теңгеге алынған өкпені жасанды желдету аппаратының нарықтағы құны одан 5 млн теңгеге арзан болған.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында медициналық жабдықтар өз құнынан бірнеше есе қымбат бағамен алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мысалы, облыстық жедел жәрдем ауруханасы құны 32 млн теңге болған ультрадыбыстық зерттеу жүйесін 69 жарым млн теңгеге алған көрінеді. Ал 22 млн теңгеге алынған өкпені жасанды желдету аппаратының нарықтағы құны одан 5 млн теңгеге арзан болып шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Жиында соңғы бірнеше жылда жемқорлыққа қарсы қандай іс әрекет жасалғаны талқылады.
Айта кетейік, соңғы үш жылда елімізде сыбайлас жемқорлықпен 168 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 15-і облыстық деңгейдегі басшылар. Ал 110 адам – ішкі істер органдарының қызметкері. Құқық қорғау органдарындағы мұндай қылмыс жүргізуші куәліктерін алумен, жұмысқа орналастыру бойынша мәселелерді оң шешумен, сондай-ақ бюджет қаражатын жымқырумен байланысты.
– Еліміздің болашағын қорғауға шақырылған басшыларда, мемлекеттік қызметкерлерде моральдық-этикалық қасиеттердің жоқтығы таң қалдырады; олар өздерін қорғай алмайтындарды, балалар мен науқастарды тонайды. Бұл уақытша қиындық емес, бұл апат, - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Меруерт Қазбекова.
– Жемқорлықпен күресте бір Nur Otan өз күшімен жеңе алмайды. Қоғам, азаматтық белсенділер, барлық халық қосылуы керек, ал біз саяси партия ретінде бұл күштерді біріктіруіміз керек, - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев.