"Мерзімсіз жүре алмайды": министрлік Ресей азаматтарының елге кіру тәртібін түсіндірді

0
545

​Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясы азаматтарының елге кіру және Қазақстанда белгілі бір уақыт тұру тәртібі туралы түсініктеме берді.


ERNUR.KZ. Ведомство мәліметінше, қазіргі жағдайда Қазақстанның мемлекеттік органдары еліміздің қолданыстағы заңнамасын және халықаралық шарттарды басшылыққа алады, деп жазады sputnik.kz.

"Ресей Федерациясының біздің елге келетін азаматтары санының өсуіне байланысты кейбір қазақстандықтардың алаңдаушылығына орай мына мәселелерді түсіндіру қажет деп санаймыз", - делінген министрлік ақпаратында.
Шетел азаматтарының Қазақстан республикасына кіру және болу тәртібі бар, оларды бақылауды шекара қызметі және тиісінше ішкі істер министрлігі жүзеге асырады, деп түсіндірді ведомство.
"Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ел аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет", - делінген министрлік ақпаратында.
СІМ құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өтті.
"Сондықтан, қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек. Мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары".