Министр басы дауға қалған "Ирина Кайратовна" мен ресейлік тиктокерлердің іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді

0
444

Заң бәріне ортақ. Тиктокер бола ма, бастық немесе қатардағы адам болса да, заң мен нормалар анық жазылған - Абаев.


Министр басы дауға қалған

ERNUR.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әртістердің сахнадағы өрескел іс-қимылдары туралы пікір білдірді, деп жазады Stan.kz.

"Ирина Қайратовна" тобының оқиғасына қатысты, әртістердің сахнаға мас болып шыққаны үшін жауапкершілік енгізесіздер ме?", - деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет отырысынан кейінгі сұхбатта.

"Шын мәнінде елімізде мыңдаған концерттер өтеді, осындай оқиғалар да болып жатады. Бірақ мыңдаған әртістердің бәрі сахнада өрескел қылық көрсетіп жүрген жоқ. Бұл мәселені жақсы білеміз және қарастырып жатырмыз. Жақын арада осы бағытта не істейтініміз туралы нақты нәтижелер береміз деп ойлаймын. Мәселе әлі талқыланып жатыр. Кім кімге шағым түсіруі керек, полицияға кім хабарлауы керек, жауапкершілік кімде, әлі ештеңе белгісіз", - деп жауап берді Дәурен Абаев.

Сонымен бірге министрге ресейлік тиктокшылардың көптеп келіп жатқаны, олардың да масаң күйде жүретіні, көп тәртіпсіздікке баратыны және қалай қадағалатыны туралы сұрақ қойылды.

"Заң бәріне ортақ. Тиктокер бола ма, бастық немесе қатардағы адам болса да, заң мен нормалар анық жазылған. Шартты түрде айтсақ, ресейлік тиктокерлер тәртіп бұзса, еліміздің заңы бойынша жауапқа тартылады. Ал өзін тәртіпті ұстаса – қандай мәселе көріп тұрсыздар?", - деді Дәурен Абаев.