Назарбаев "Назарбаев Университетінің" президентіне нақты тапсырма берді

0
1 247

Ш.Катсу Қазақстан Президентіне Инновациялық кластердің жұмыс жоспары мен университеттің ғылыми-зертханалық кешенінің іске қосылуы жөнінде мәлімдеп, Назарбаев зияткерлік мектептерін дамытудың бірқатар мәселелерін атап өтті


Назарбаев

Мемлекет басшысы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсумен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, «University Medical Center» корпоративтік қоры басқармасының төрағасы Ж.Жұмаділов қатысты.

Елбасыға «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы жолдауда айтылған Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысының тұжырымдамасы ұсынылды.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметіне сәйкес, бұл орталықтың құрылыс жұмыстары биыл басталады. Жаңа медицина мекемесінде қатерлі ісік ауруларына диагностика жасап, емдеу үшін озық технология, соның ішінде лазерлік, сәулелік, жасушалы-иммунді терапия және өзге де заманауи әдістер қолданылатын болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына жолдаудағы жекелеген бағыттарды іске асыруға қатысты Назарбаев Университетінің қазіргі жұмыстары жөнінде баяндалды.

Ш.Катсу Қазақстан Президентіне Инновациялық кластердің жұмыс жоспары мен университеттің ғылыми-зертханалық кешенінің іске қосылуы жөнінде мәлімдеп, Назарбаев зияткерлік мектептерін дамытудың бірқатар мәселелерін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.