Нәжісін жегізген: Науқастарды қорлаған студентке қатысы істің мән-жайы жарияланды

0
393

Хоспис басшылығы желіде желдей ескен видеодан кейін дәрігерсымақты бірден жұмыстан шығарып жіберген.


Нәжісін жегізген: Науқастарды қорлаған студентке қатысы істің мән-жайы жарияланды

ERNUR.KZ. Астанада айықпас дертке шалдыққан науқастарды қорлаған студенттің ісі бойынша тағы бір сот отырысы өтті, деп жазады sputnik.kz.

Адам нанғысыз сұмдық жағдай жергілікті хосписта болған. Онда тағдырынан теперіш көріп айықпас дертпен күресіп жатқан науқастар жатады. Сол жерде тағылымдамадан өткен студент жігіт пациенттерді басынан ұрған, қолымен нұқыған, ең сорақысы, мүгедектердің жөргектерін ашып, ондағы нәжісті жеуге мәжбүрлеген. Өліммен арпалысып жатқандардың басына пакет кигізген, одан қалса, жерге жатқызып тепкен. Соның бәрін видеоға түсіріп, жора-жолдастары отыратын арнайы чатқа жіберіп отырыпты.
Ал достары байбалам салудың орнына, керісінше қолдап-қолпаштап, әлеуметтік желіге таратып жіберген. Төбесінен жай түскендей күй кешкен жәбірленушілердің туыстары сотқа бірден жүгінген. Алайда істің жылжитын түрі жоқ.
Адвокат Мерхат Ахметолдиннің айтуынша, жасөспірім бала медакадемияда оқиды. WhatsApp мессенжері чатын ашып, оны "Сідік" деп атаған.
"Сол чатқа өзінің араласып жүрген жора-жолдастары қосылады. Соларға осындай видеолар түсіріп, ақпарат таратқан. Сондай-ақ қазір айтылмаған ақпарат бар. Бұл бала жалғыз өзі істемеген. Оның қасында тағы бір студент болған. Оған қатысты да бөлек қылмыстық іс ашылады деген ақпарат бар", - дейді Ахметолдин.
Хоспис басшылығы желіде желдей ескен видеодан кейін дәрігерсымақты бірден жұмыстан шығарып жіберіпті. Қызметке аларда бойынан күдік туғызар еш белгі көрмеген едік деп отыр. 21 жастағы студент кішіпейіл болып көрінген, науқастардың іші-бауырына кіріп тұрған. Ал қылмысқа қатысы бар екінші студент туралы ештеңе айтпай отыр.
"Болашақ дәрігер ғой, практикамды осында өткіземін деген соң, біз оны қабылдадық. Бізде жұмыс істеген кезде кішіпейіл, оның адамға деген қарым-қатынасынан, сөйлеу мәнерінен психологиялық өзгерістерін байқаған жоқпын", - деп атап өтті клиника директоры Гүлмира Князьбекова.
Палеативті орталықтан оңай құтылған студент-дәрігер озбырлығын басқа клиникада жалғастырған. Мұнда да тағдыры онсыз да маңдайынан сипамаған балаларды ұрып-соққан. Тіпті сексуалдық сипаттағы қорлық көрсетіпті.
Қазіргі кезде 10 отбасы студенттің үстінен шағым түсірген. Бірақ сот отырыстары бір жылға созылып кетті. Осы уақыт ішінде дерті дендеген бесеуі о дүниелік болған. Студенттің кінәсі дәлелденсе, 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.