Экс-депутат мұндай тәжірибе Қазақстанда енгізілсе, көлеңкелі министрлер кабинеті биліктің жұмысын сынға алып, тиімді шешімдерді қабылдауға көмектеседі.
ERNUR.KZ. Қазақстанда тіркелмеген "El Tiregi" партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Нұржан Әлтаев халықтық көлеңкелі үкіметтің құрылатынын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Тіркелмеген "El Tiregi" партиясы елімізде алғаш рет халықтың көлеңкелі үкіметін құру қажеттігін мәлімдейді. Бұл жерде "көлеңкелі үкімет" деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Себебі ол – дамыған мемлекеттерде, әсіресе, Батыс Еуропа елдерінде және АҚШ-та, жалпыға ортақ тәжірибе. Англия, Канада мен Германияда бұрыннан бар", – дейді Әлтаев.
Оның айтуынша, шетелде көлеңкелі үкіметтің қызметін мемлекеттің өзі ынталандырып отырады. Ал халық ондай жұмысты қолдайды.
"Мәселен, Англияда жеңіске жеткен партия әдеттегідей өз үкіметін жасақтайды. Ал оппозициялық партия көлеңкелі үкіметті жасайды. Бірақ оны мемлекеттің өзі, тіпті, жеңіске жеткен партия да қолдап отырады. Англияда көлеңкелі үкіметті бюджеттің есебінен қаржыландырады. Мүшелеріне жалақы төленеді. Сондай-ақ көлеңкелі үкіметтің өкілдері сайланған үкіметтің барлық отырысына қатысады. Ал белгілі бір министр бағдарлама немесе қандай да бір бастама көтерсе, көлеңкелі үкімет өз пікірін айтады, оппонент ретінде сөз сөйлейді. Бұдан ұтатын халық. Себебі кез келген мәселенің екі жағын көре алады", – деп атап көрсетті Әлтаев.
Экс-депутат осы тәжірибені Қазақстанда енгізуді ұсынып отыр. Көлеңкелі министрлер кабинеті биліктің жұмысын сынға алып, тиімді шешімдерді қабылдауға көмектеседі.
"Сондықтан бізге көлеңкелі үкіметті жасақтау қажет деп санаймыз. Ол жерде әрбір министр биліктегі министрдің жұмысын бақылайды, терең талдау жасайды, баға береді, белгілі бір мәселені шешудің баламалы жолдарын ұсынады", – дейді Әлтаев.
Экс-депутат Nur Otan-ның қатарынан неге кетті?
Өткен жылдың соңында сол кездегі Nur Otan-ның мүшесі Нұржан Әлтаев "El Tiregi" өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлер одағы негізінде жаңа саяси партияның құрылатынын мәлімдеді. Үш күннен кейін ол депутаттық мандаттан айырылды. Артынан билік партиясының қатарынан да шығарылды. Ал Әлтаевтың өзі "байлаулы қолымды шешті" деп айтты.
Сол кезде депутат біздің билікке сын қажет деді. Ондайда мәселелерді мойындау керек және бәрін бірге шешу керек. Ол үшін шындық айтылуы тиіс деп санайтынын жеткізді.
"Nur Otan партиясы, өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл шындық пен сынға әлі дайын емес. Сондықтан адамдардың проблемаларын айтқан депутатты шығарып тастау туралы шешім қабылданған шығар", – деді ол.
Айта кетейік, Әлтаев депутаттардың жалақысы негізсіз төленетінін де ашық мәлімдеген.