Нұр-Сұлтан "қызыл" аймаққа кірді – бас санитар дәрігер себебін түсіндірді

0
1 002

​Емханаға өздігімен қаралғандардың арасында коронавирусты жұқтыру көрсеткіші өсті. Олармен қарым-қатынаста болған адамдардан вирус көп анықтала бастаған.


Нұр-Сұлтан

ERNUR.KZ. Елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева қаланың коронавирусты жұқтыру бойынша "қызыл" аймаққа кірудің себебін түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Коронавирусты жұқтыру жағдайларының тіркелуі жалғасуда. Тәулігіне 50-ден 120-ға дейін ауру белгілері бар адамдар анықталады. Арасында ересектер, мектепке дейінгі және мектепке баратын балалар да бар", - деді Пірәлиева әкімдікте өткен онлайн брифингте.


Оның айтуынша, қыркүйек айында және қазан айының бірінші онкүндігінде қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болған. Бірақ қазан айының екінші жартысынан бастап репродуктивті көрсеткіш, яғни, бір адамның вирусты тарату қаупі артты. Қараша айында осы көрсеткіш біршама азайды. Алайда кейін тағы көтеріліп кетті. Сол себепті елорда "сары" аймақта болды. Емханаға өздігімен қаралғандардың арасында коронавирусты жұқтыру саны аптасына 18-ден 213 жағдайға дейін өсті. Олармен қарым-қатынаста болған адамдардан вирус көп анықтала бастады.

"Өткен аптада сырқаттану көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 51-ден асты. Ал 10-шы желтоқсаннан бастап қала "қызыл" аймаққа ауысты. Бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының алдын алу шараларын сақтамауына байланысты", - деп атап көрсетті Пірәлиева.

Ресми мәліметке сәйкес, кеше, 10 желтоқсанда, астанада ПТР-тест арқылы 118 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде 72 адамда ауру белгілері болған. Ал 46 адам симптомсыз жүрген. Басым бөлігі қала аумағында ауруды жұқтырған.