Ағын судың тереңдігі кейбір жерлерде 3-4 метрге дейін жетеді.
фото: скриншот
ERNUR.KZ. Халық арасында "Ильинка" аталып кеткен ауыл жұрты еріген қар суының ортасында қалған. Бірнеше күннен бері тұрғындар үйлерінен шыға алмай отыр. Ал, күні кеше бір кісі ағын суға батып кете жаздаған. Көктем шықса болды қараөткелдіктер жол азабын тартады екен. Шағымын айтып талай табалдырықты тоздырған олар, жергілікті әкімнен қайран болмады деп отыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Қараөткел ауылы 9-шағын ауданынын күн райының бірден жылып кетуіне байланысты, қар жылдам еріп, айналаны ағын су басқан. Ауыл тұрғынының жанына баруға судың тереңдігі мүмкіндік бермегендіктен мұңын шаққан жандармен алыстан, сөйлесуге тура келген.
Ағын судың тереңдігі кейбір жерлерде 3-4 метрге дейін жетеді. Өйткені, бұл учаске ойлы жерде орналасқан. Сондықтан жұрт амалдап, ақыға жолдың астына төсейміз деп қап-қап қоқыс та түсірткен. Бірақ, күннен күнге көтеріліп келе жатқан су деңгейіне бұл еш әсер етпейтін секілді.
"Кеше мысалы әбеттен кейін, әкем келді құлады. Мен жұмыстамын, сөйтіп қайтадан келдім жұмыстан сұранып. Күніге осы міне қазір әкем үйде ауырып жатыр. Құдай біледі қазір қалай шығарамын қатты ауырып қалса. Қайық сатып алмасам басқа вариант жоқ енді мынаған. Қайық сатып алу керек барып 50 мың тұрады ма білмеймін, өзімнің айлығым 70-80 мың.", - дейді Қараөткел аулының тұрғыны Жансерік Байбек.
Мәселемен жақсы таныс ауыл округінің әкімі қиындық жуық арада шешіледі деп уәде беріп отыр. Ал, дер кезінде су сорғызып үлгермегенін техниканың жетіспеушілігімен түсіндірді.
Ауыл халқы жәрдем сұрап барлық құзырлы органдарға хабарласқан. Алайда, қимылдаған тірі жан жоқ деп ашынады. Оған жуырда жұрт игілігі үшін жұмысын бастаған "I-көмектің" де көмегі болмай тұр екен.
"Кешкісін 109-ға звандадым. Бүгін келмесеңіздер біз журналистерді шақырамыз біз жоғары қаланың әкіміне жазамыз деп. Сосын сағат 11-де келді 3 машина келді да шланганы тастап қойды да фотоға түсіріп, түсіріп алды да кетті. На самом деле байлар тұратын, коттедж бар жерлерді сорады. Ал, біз сонда адам емеспіз ба? Біз налог төлейміз, пропискамыз бар", - деп ашынады ауыл тұрғыны Гүлжан Сартаева.
Күн жылыса болды жандарын шүберекке түйіп жүретін ауыл жұрты жергілікті әкімнің ант-су ішкеніне қарық болып қайтты. Ал, ағын су қашан сорылып бітеді ол жағы белгісіз. Оған дейін тұрғындар резеңке етіктерін қолтықтап жүре тұруға мәжбүр.