Нұр-Сұлтан оқушыларына ашық сабақтар театр мен кітапханаларда өтеді

0
2 297

Ашық сабақтар Қаллеки театрының ғимаратында, "Барыс Арена" стадионында, Ұлттық кітапханада өтетін болады.


Нұр-Сұлтан оқушыларына ашық сабақтар театр мен кітапханаларда өтеді

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мектеп оқушылары үшін жаңа мүмкіндіктер жүзеге асырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.


«Елорда тек ересектерге емес, балалар үшін де ыңғайлы болуы керек. Білім беру нысандарымен қатар, демалыс орталықтарын ашып, аулаларды абаттандырамыз. Мысалы, қалада балалар түрлі өнермен айналысатын оқушылар сарайы бар. Биыл тағы бір оқушылар сарайының құрылысын бастаймыз.

Сонымен қатар, мәдени және спорттық ғимараттарымыз балаларымызға қолжетімді болуы керек. Әр баланың осы мекемелерге баруға және процесті ішінен көруге мүмкіндігі болуы тиіс. "Астана Опера" театрымен бірлесіп жоба жасағанбыз. Оқушылар Людвиг Минкустың "Баядерка" балетіне тегін барып, өз ісінің шеберлерімен әңгімелесе алды, сондай-ақ, оларға балеттің тарихы туралы айтылды, грим және костюм цехтарын, музыкалық кітапхананы, дайындық залдарын және т. б. көрсетілді. Мұндай театр сабақтары біздің балаларымызға материалды жақсы меңгеруге мүмкіндік береді, өйткені олар енді оқулықтағы мәтінді ғана емес, сонымен бірге қойылымның өзін, костюмдерді, кейіпкерлердің өздерін де көреді. Бұл біздің балаларымызды мәдени тұрғыдан байытуға мүмкіндік береді», - дейді әкім.


Оның айтуынша бұл жобаны кеңейту ұйғарылып отыр. Ашық сабақтар Қаллеки театрының ғимаратында, "Барыс Арена" стадионында, Ұлттық кітапханада өтетін болады.


«Мемлекет басшысы оқушыларымыздың оқырмандық дағдысы тиісті деңгейде дамуы керегін атап өткен. Ұлттық кітапханаға экскурсия кезінде балалар мұрағаттағы көптеген кітаптарды ала алады, жазушылар туралы көбірек біліп, мұражайды көреді, бұл - жаңа білім алуға деген әуестікті сөзсіз арттыруы керек.

Осы жобалар оқушыларға адамгершілік-рухани құндылықтарды және мәдениетке/спортқа деген сүйіспеншілікті мектеп қабырғасынан бастап оятып қана қоймай, талантын ашуға, сонымен қатар, адам еңбегін құрметтеуге мүмкіндік береді. Жобаларды мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп жүзеге асырамыз», - деп жазды Алтай Көлгінов.