«Нұр-Сұлтан – Павлодар» жолының 30 шақырымы қайда кетті - министрлік түсінік берді

0
657

Жолдың шақырымдық көрсеткішін көліктегі одометрмен есептеу нақты мәліметті көрсетпейді, себебі бұл құрал арақашықтықты тура көрсете алмайды, дейді ведомство өкілдері.


«Нұр-Сұлтан – Павлодар» жолының 30 шақырымы қайда кетті - министрлік түсінік берді

ERNUR.KZ. Жақында телеарналардың бірінде айтылған «Нұр-Сұлтан-Павлодар» аралығындағы жолдың шақырымдық көрсеткіші дұрыс есептелмегені туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті баспасөз қызметінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.


«Шын мәнінде елордадан Павлодар қаласына дейінгі арақашықтық – 415 шақырым. Автомобиль жолы учаскесінің басталуына дейінгі 16 шақырымда ҚР Парламентінің ғимараты орналасқан, яғни Нұр-Сұлтаннан басталатын республикалық жолдардың шақырымдық есептеуі аталған ғимараттан басталады. Осы арқылы «Нұр-Сұлтан-Павлодар» жолының жалпы арақышықтығы 431 шақырымды құрап тұр», делінген комитет мәліметінде.


Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, жолдың шақырымдық көрсеткішін көліктегі одометрмен есептеу нақты мәліметті көрсетпейді, себебі бұл құрал арақашықтықты тура көрсете алмайды.


«Көліктерге орнатылған одометрлердің барлық түрі нақты көрсеткіш құралдары санатына жатқызылмаған. Механикалық одометрден болатын қателік 5 пайызға дейін жетеді. Автомобильді пайдалану жағдайына, жабдықтар мен бөлшектердің тозуына қарай, сондай-ақ сәйкес келмейтін бөлшектерді пайдалану салдарынан одометр 12-15 пайызға дейін қате мәлімет көрсетуі ықтимал. Жолдың шақырымдық арақашықтығын жылжымалы зертханалар есептейді. Онда нақты кәсіби құралдар орнатылған», - деп түсіндірді комитет өкілдері.


Таратылған мәліметке қарағанда, «Нұр-Сұлтан-Павлодар» жолының титулына сәйкес, автожол екі учаскеден құралады.

Біріншісі – ол 16-254 шақырымдағы «Нұр-Сұлтан-Ерейментау» аралығы, жалпы арақашықтығы 238 шақырымды қамтып тұр. Оның ішінде 184 шақырымы, яғни 16-дан 200-ші шақырым аралығы Ақмола облысы аумағынан өтеді, Павлодар облысы аумағында 54 шақырым – 200-ден 254-ші шақырым аралығында. 0-ден 16-шақырымға дейінгі учаске - ол ҚР Парламентінен республикалық жол басталатын учаскеге дейінгі аралық.

Екінші учаске – Шідерті ауылынан Павлодар қаласына дейінгі аралық, Павлодар облысы аумағындағы жолдың арақашықтығы 177 шақырым.

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жолдың 415 шақырымның 412-сі қайта төселді. Оның ішінде Ақмола облысы бойынша 184 шақырым, ал Павлодар облысы аумағында 228 шақырым қамтылды. Қалған 3 шақырым Павлодар қаласының аумағында орналасқан.

2014 жылдан бастап «Нұр-Сұлтан-Павлодар» жолын қайта салуға 237 938,3 млн теңге бөлінді. Павлодар облысындағы жобаға 117 751,8 млн теңге қарастырылып, соның 117 162,2 млн теңгесі игерілді.

Ақмола облысы аумағындағы жолға 120 186,58 млн теңге бөлініп, оның сомасы толықтай игерілген.