27 сәуірде елорда тұрғыны полиция шақырып, жанжал шығарған күйеуін ұстатып жіберген. Артынан ол босап шығып, әйелді өлтіріп кеткен.
ERNUR.KZ. "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (Смайылова) ішкі істер министрлігінен елордада көпбалалы ананың өлім құшуына қатысты ақпарат беруді сұрады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Тексерілмеген мәліметтерге сәйкес, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өз балаларының көзінше көпбалалы ананы оның бұрынғы күйеуі өлтіріп кеткен. Балалардың бәрі жетім қалды! Кеше ол келіншек полиция шақырған. Ер адамды ұстаған болса керек, бірақ артынан босатқан. Бүгін күйеуі әйелін тауып алып, бірнеше пышақ жарақатын салған", - деп жазды Таңсәрі жазбасында.
Тәртіп сақшылары ондай оқиғаның болғанын растады. Кеше, 28 сәуір күні ауруханада көптеген пышақ жарақатынан 38 жастағы әйел қайтыс болды. Оның 28 жастағы күйеуі ұсталды.
"28 сәуірде сағат 14:31-де "102" нөміріне тұрғын үйлердің бірінде баспалдақ алаңында көптеген пышақ жарақатын алған 1982 жылғы әйелдің жатқаны туралы хабар түсті. Оны №1 қалалық ауруханаға жеткізген. Алайда сағат 16:10-де ол алған жарақатынан қайтыс болды", - делінген ресми хабарламада.
Полицейлер қайтыс болған әйелдің күйеуі – 1992 жылғы ер адамды ұстады. Қылмыстық кодекстің 99-бабы – "адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қайтыс болған әйел көпбалалы ана емес
"Қылмыстың себебі – қызғаныш. Ерлі-зайыпты 2020 жылдың қаңтар айынан бастап бірге тұрмаған. 2017 жылдан бері некеде болыпты. Екі жас баланы тәрбиелеген. Біреуі – әйелдің бірінші некесінен туған 2011 жылғы бала, ал екіншісі – 2018 жылғы ортақ баласы. Қазіргі кезде кәмелеттік жасқа толмаған балаларды қайтыс болған әйелдің апасы өз қамқорлығына алды", - дейді полицейлер.
Сақшылардың сөзіне қарағанда, балалар қылмысты көрмеген. Себебі екеуі де үйде бір туысымен бірге отырған.
"Қылмыс үйдің кіреберісінде жасалған. Куәгерлер болған жоқ. Балалар да бір туысымен бірге үйде болған. Олар қылмысты көрген жоқ. Ал қайтыс болған әйел көпбалалы ана емес", - дейді полицейлер.
Күйеуімен татуласқанын айтқан
Ресми мәліметке сәйкес, 27 сәуірде екі баланың анасы полиция шақырған. Себебі күйеуі келіп, жанжал шығарыпты. Тәртіп сақшылары ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Сол жерде ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалады. Қорғау нұсқамасы беріледі. Оған сәйкес, ер адамға әйелдің үйіне баруға тыйым салынған. Осының бәрін түсіндіргеннен кейін сақшылар бұзақыны босатқан.
"Ертесінде, яғни 28 сәуірде учаскелік инспекторға зардап шеккен әйел хабарласып, ер адамды босатуды сұрады, ешқандай талап-тілегі жоқ екенін және күйеуімен татуласқанын жеткізді. Артынан күйеуі оны өлтіріп кетті", - дейді полицейлер.
Ал Дина Таңсәрінің айтуынша, қорғау нұсқаулығы адамды қорғай алмайды.
"Өкінішке қарай, бізде қорғау нұсқаулығы әйелді қорғай алмайды. Ер адам кез келген уақытта үйіне барып, ойына келгенін істей алады", - дейді Таңсәрі.