56 жастағы тұрғын қалалық ауруханаға мас күйінде жеткізілген.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында аурухананың жан сақтау бөлімінен шыққан науқас үшінші қабаттан құлап қаза болды. Оқиға Көкшетау қалалық ауруханасының гастроэнтерология бөлімінде болған, деп жазады Stan.kz.
Терезеден секіріп кеткен науқасты ажалдан арашалап қалу мүмкін болмаған. Дәрігерлердің айтуынша, облыс орталығының 56 жастағы тұрғыны әуеліде қалалық ауруханаға мас күйінде жеткізілген.
Аурухананың бас дәрігері Нариман Сыздықов ер адамның қант диабеті де болғанын айтты. Оның туыстары науқастың алкоголь ішімдіктерін шамадан тыс пайдаланғанын хабарлаған. Сол себепті науқасқа жеке палата беріліп, оның қозғалысы шектеліп, күзет те қойған.
"Қайтыс болған науқас бұрын ауруханаға алкогольдік ішімдік ішу және гипертониямен ауыр халде түскен. Үш күн бойы ол жан сақтау бөлімінде болып, кейін жалпы бөлімге ауыстырылды. Оның терезеден секіруіне итермелеген себептерді құқық қорғау органдары тексеріп жатыр", - деді Көкшетау көпбейінді қалалық ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов.