Павлодарда көмірді несиеге сатып алу тетігі енгізілді

0
335

Несиені екі жылға дейін мерзімге ресімдеуге болады.


Павлодарда көмірді несиеге сатып алу тетігі енгізілді

ERNUR.KZ. Бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "Halyk Bank" бірлесіп қолға алған пилоттық жоба – қатты отын сатып алуға арналған "Halyk Market" мобильді қосымшасы Павлодар облысына да жетті. Бұған дейін аталмыш жүйеге Алматы және Қостанай қалалары қосылған болатын, деп жазады inbusiness.kz.

Мобильді қосымшада көмірдің қажетті түрін, көлемін таңдауға болады. Онлайн төлем жасаумен қатар, қысқы отынды несиеге рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған. Айталық, 24 айға дейін несиеге алуға немесе 24 айға бөліп төлеуге болады.

Бұл ретте несиенің пайыздық мөлшерлемесін банк сол адамның несие тарихына байланысты анықтайды. Қосымшаның басым тұсы сол, онлайн алғанда көмірді жеткізушіні іздеу қажет емес.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың сөзінше, әзірге облыстан бір ғана көмір сататын орын қосымшаға енді. Жақын күндері тағы бір кәсіпорын қосылады.

"Облыс бойынша алғашқылардың бірі болып бұл пилоттық жобаға "А-Вест" ЖШС тіркелді. Сонымен қатар, "Элит kz" ЖШС жақын күндері қосылмақ. Жалпы, заманауи шешім қатты отынды тікелей көмір жеткізу орнынан және кезексіз сатып алуға қолайлы. Бұл жүйе тұрғындардың уақытылы жылыту маусымына дайындығын айтарлықтай жеңілдетеді", - деп пайымдайды Ержан Салханов.

Айта кетейік, Павлодар облысының тұрғындарына көктемге дейін жылыну үшін 430 мың тонна көмір керек. Бүгінде оның бір тоннасының бағасы 9 мың теңгеден басталып, 20 мың теңгеге дейін жетеді. Шалғай елді мекендерде одан да асуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, баға кеніш пен ауыл арасындағы қашықтыққа тікелей байланысты. Өңірдегі 300-ден астам көмір жеткізетін кәсіпкер әр шақырым үшін тоннасына 23-25 теңге алады.

Ал қатты отынға "Halykmarket" арқылы тапсырыс берген кезде баға тағы қосылуы ғажап емес. Себебі қосымша арқылы сатып алу кезінде көмірдің тұутынушыға сатылатын бағасы теміржол тұйығындағы қатты отынның құны, жеткізу ақысымен қатар, сатушының банкке төлейтін 10 пайыздық тарифінен құралатын болады.