Петропавлда саяжай қоғамындағы үйлердің бірінен 50-ден астам еліктің еті табылды

0
3 100

Петропавлдың 3 тұрғыны 50-ден астам елікті заңсыз атты деген күдікке ілінді.


Петропавлда саяжай қоғамындағы үйлердің бірінен 50-ден астам еліктің еті табылды

ERNUR.KZ. Олардың көлігінен және саяжай қоғамындағы үйлердің бірінен бас-сирағы мен терісі және екеуінің тұтас еті табылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық полиция ведомствосының басқа бөлімшелерімен бірлесіп, аса ірі мөлшерде заңсыз аң аулады деген күдікпен Петропавлдың үш тұрғынын ұстады.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Петропавл тұрғындарының бірінде тіркелмеген қарудың болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат түседі.

27 ақпанда таңертең «Челябі-Новосібір» тасжолының 525 шақырымында тексеру барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы Петропавл тұрғынының басқаруындағы «ВАЗ-2115» автокөлігін тоқтатты. Салонда 29 және 30 жастағы тағы екі облыс орталығының тұрғыны болған. Автокөліктің жүксалғышын қарау кезінде сойылмаған 4 сібір елігі, сондай-ақ «ТОЗ» маркалы екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық, 2 патрон, гильза және басқа да аңшылық құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді.

«Бұдан әрі іс-шараларды өткізу барысында Петропавлдағы саяжай қоғамдарының біріндегі үйден екі еліктің мүшеленбеген еті, 41 еліктің терісі, 119 тұяқ, 12 аңның басы табылды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәркіленген қару мен аңдардың сирақ-басы, терісі мен еті сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - дейді СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Ұсталғандар енді заңсыз аңшылық үшін 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе қоғамдық жұмыстарға 1200 сағатқа жегілуі мүмкін.