Маңғыстау өңірде қан тапшы екені туралы ақпарат жарияланған болатын
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері қан тапсырды, деп жазады polisia.kz.
“Облыстық қан орталығының” шақыруына бей-жай қарай алмаған Полиция департаментінің басшылығы бір шешімге келіп, Ақтау қалалық Полиция басқармасының патрульдік қызмет батальоны мен Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің патруль қызметкерлері қан тапсырды. Жол сақшылары үшін бұл — саналы іс. Қызметте олар зардап шеккен адамдарды көп көреді. Бір сөзбен айтқанда, жол полицейлері адам өмірін сақтап қалу үшін қанның ауадай қажет екенін біледі. Бiз қызмет барысында көлік апатқа ұшыраған жерлерде көп боламыз, ауыр халде жатқан адамдарды көремiз. Сондықтан қанның адам өмірі үшін қандай рөл атқаратынын жақсы білеміз. Қан орталығына келіп, қан тапсыруымыздың себебі сол. Біз де адам өмірін арашалауға атсалысқымыз келеді”, - дейді Ақтау қаласы ПД ЖПБ командирінің орынбасары Ерлан Отаров.
Әрине, донор болатын кез келген адамға қойылатын ортақ тәртіп бар. Сол талап бойынша, қан тапсырмас бұрын полицейлердің бәрі де дәрігерлiк тексеруден өтті.
“Полиция қызметкерлері донор болуға үнемі ықылас танытып жүреді. Өзгелерді де бұл жағдайға бей-жәй карамауға шақырамын”, - дейді Мұнайлы ауданы ПБ патрульдік полиция қызметі ротасы командирінің орынбасары Асқан Қадырчаев.