Президент әлі ауыспайды – сарапшы

0
1 000

Соңғы шешімді бәрібір Назарбаевтың өзі қабылдайды.


Президент әлі ауыспайды – сарапшы

ERNUR.KZ. Министрлер кабинетінің жаңа құрамы әлі белгісіз, деп жазады экономикалық шолушы және блогер Денис Кривошеевтен сұқбат алған Zakon.kz.

Партия съезінің қарсаңында үкімет отставкаға кетті. Әлеуметтік желілерде мұны Қазақстанда билік транзитінің басталуымен жиі байланыстырады. Соңғы оқиғаларға сіз қандай баға бересіз?

Біріншіден, президент әлі ауыспайды, ешқандай билік транзиті болмайды. Конституцияға сай, Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына шектеусіз рет қатыса алады, әрі осы жолы да бұл құқығын пайдаланады. Президенттің денсаулығы жақсы. Әлі де уысынан ештеңе шығармайды. Әріптестері оны лидер ретінде мойындайды, халықтың басым бөлігі оны әлі де қолдайды. Бұл билікке көңілі толмайтындардың да біршама үлесі бар, бірақ сайлау дәл қазір өтсе де дауыстардың басым бөлігіне Назарбаев ие болатыны күмәнсіз

Үкіметтің отставкасына не себеп?

Иә, мемлекет басшысының 21 ақпанда министрлер кабинетінің отставкасын жария еткені тым тосын жаңалық болды. Басқаларды айтпағанда мұндайды шенеуніктердің өзі күтпеген еді. Үш апта бұрын өткен кеңейтілген отырыста қазіргі кабинетті қатаң сынға алған Нұрсұлтан Назарбаев үкімет отставкасы туралы ештеңе айтпаған. Билеуші партияның съезіне дейін кадрлық шешімдер қабылданады деп те ешкім ойламаған. Президент мемлекетті дамытудың жаңа бағдарламасын жаңа үкіметке жүктемек болып отыруы мүмкін. Кімнің қолынан не келетінін о кісі бағамдай алады. Сағынтаев үкіметі "сандық көрсеткіштерге" құмар болды. Стартаптар, хабтар, цифрландыру, майнинг фермалары – халық тоқ жағдайда, әрине, мұның бәрі жақсы, әдемі көрінер еді.

Президенттің нақты неге көңілі толмады деп ойлайсыз?

Президенттің халықтың тіршілігін жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарламалары бар. Үшінші модернизация мен "Ұлт жоспары – 100 нақты қадамдар" жеделдетілген құрылымдық рефомалар жүргізуге бағытталған. Бес институционалдық реформалар бизнестің белсенділігін арттырып, экономиканы "мемлекетсіздендіруі", президенттің өзі айтқандай банктерді "тазартуы" тиіс еді. Президент құқық қорғау жүйесі мен соттарда да елеулі өзгерістер болады деп күткен. Бірақ барлық деңгейдегі шенеуніктер оның бағдарламаларын елеусіз қалдырып жататын сияқты.

Басты көрсеткіш – Жалпы ішкі өнім – әлі де баяғыдай шикізат есебінен қамтамасыз етілуде. Өсімге кім жауапты? Президент пе? Онда конституциялық реформалар не үшін жүргізілді? Қазір әкімдерге барлық құзірет берілген, әлеуметтік-экономикалық жағдайға шын мәнінде солар жауап беруі тиіс. Ақша бар, бірақ оның пайдаланылуына қатысты мәселе көп.

Президент әлеуметтік қолдау мен халықтың өмір сүру сапасын арттыратын шаралар қолға алынатынын айтты. Бұл қандай шаралар болуы мүмкін?

Оны 27 ақпанда, "Нұр Отан" партиясының съезінде еститін шығармыз. Оны жаңа кабинет жүзеге асырады деп ойлаймын. Бұл мақсатта бюджет пен Ұлттық қордан үлкен қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Былайша айтқанда, қиналғанда керек болады деп сақтап отырған ақшамызды шығаратын сияқтымыз. Өкінішке қарай, президент сенім артқан адамдардың кесірінен бұл экономикалық дағдарыс біз ойлағаннан ертерек басталды.

Биліктің бар тармақтарын трансформациялау сияқты үлкен өзгерістерге барғалы отырған Нұрсұлтан Назарбаев дәл қазір билік транзитін өткізбек дегенге сенбеймін. Оның үстіне, билік тармақтарының трансформациясы бір-екі күнде жасала салатын үрдіс емес, оның алғашқы елеулі нәтижелері сайлауалды кезеңге қарай байқала бастайтын шығар.

Тоқаевтың 2020 жылы Қазақстанда жаңа президент болады деген сөзі саясаттанушыларға маза бермей тұр. Неге?

Тоқаев мұны өзімнің жеке пікірім деді емес пе? Не болса да Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы сақтала беретінін де айтты ғой. Шындап келгенде соңғы шешімді Назарбаевтың өзі қабылдайды. Жоғарыда айтқанымдай, көпшілік президенттің кез-келген шешімін қолдайды, ал наразы топтар қай жерде де бола береді, олардың үнін бәріміз есіп отырмыз. Қоғам болғасын осы. Кез-келген қоғамның мәні осында.