Президент Алматы әуежайында жаңа халықаралық терминалдың құрылысын бастауға рұқсат берді

0
581

Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 200 миллион доллардан асады.


Президент Алматы әуежайында жаңа халықаралық терминалдың құрылысын бастауға рұқсат берді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары оңтүстік астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы құрылысының капсуласын салу рәсіміне қатысумен аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара барысында Түркияның TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан, холдингтің директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Сани Шенер және Алматы халықаралық әуежайының президенті Ерсой Альп Ер Тунга Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялық жоба туралы мәлімет берді.

Бұдан кейін Президент әуежайдың жаңа халықаралық терминалының құрылысын бастауға рұқсат берді.

Мемлекет басшысы Алматы әуежайы маңызды стратегиялық нысан және Қазақстанның әуе қақпасы екенін атап өтті.

"Жаңа терминал салынғаннан кейін әуежайда жылына 14 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсетілетін болады, яғни екі есеге артады деген сөз. Жаңа терминал ең озық технологиямен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Ең бастысы барлық жұмысты уақытында аяқтау қажет", – деді Президент.




Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 200 миллион доллардан асады. Жаңа терминал тек халықаралық бағыттағы рейстерге, ал қазіргісі ішкі рейстерге қызмет көрсетеді. Құрылыс 2024 жылы жазда аяқталады деп жоспарланған.