Президент «Қазақстанды қаңтарда Ресей құтқарып қалды» деген пікірге жауап берді

0
422

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ контингенті Қазақстанда өзін «тиімді» көрсете білгенін атап өтті.


Президент «Қазақстанды қаңтарда Ресей құтқарып қалды» деген пікірге жауап берді

ERNUR.KZ. «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанды Ресей құтқарып қалды» деген пікірге жауап берді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы мұндай қауесеттің шығуына елдегі жағдайды тұрақтандыруға Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) күштерінің қатысуы түрткі болғанына тоқталды.

«ҰҚШҰ туралы айтар болсақ, мен Мәскеуде сөз сөйлеп, ҰҚШҰ 30 жылда алғаш рет шектеулі контингентін Қазақстанға жіберу арқылы өзін көрсете алды деген едім. Осы жерде ерекше атап өтерлігі, әңгіме Ресей туралы емес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы туралы. Ресейде кейбіреулер осы жағдайды бұрмалап көрсетіп, «Қазақстанды Ресей сақтап қалды, енді Қазақстан бізге мәңгі қызмет етіп, Ресейге бас изеп өтуі тиіс» дейтін көрінеді. Мен мұны шындықтан алыс жатқан негізсіз пікір деп есептеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның бұған дейін саммиттер өткізіп, декларациялар мен мәлімдемелерге қол қоюмен айналысқанын айтты. Алайда Қазақстанда ҰҚШҰ контингенті өзін «тиімді» көрсете білген.

«Осы жағдайға қатысты қандай да бір ойдан шығарылған әңгіме айтпақ түгілі, тіпті саясиландыруға да болмайтынын ескер уерек. Біз о бастан контингенттің әскери қимылдарға қатыспайтыны туралы уағдаласқанбыз. Расымен де, Қазақстанда болған он күн ішінде ҰҚШҰ-ның шектеулі контингенті бірде-бір оқ атқан жоқ», - деді Қ. Тоқаев.