QazVac вакцинасы Сауд Арабиясында өндірілуі мүмкін

0
439

​​​Қос мемлекет аталған мәселені қарастырып жатыр.


QazVac вакцинасы Сауд Арабиясында өндірілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Сауд Арабиясы Корольдігінде коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын бірлесіп өндіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгін елордада Қазақстан-Сауд Арабиясы инвестиялық форумы өтіп жатыр. Жиынға аталған елдің инвестиция министрі Халид А. әл-Фалих, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов және 30-ға жуық саудиялық ірі компаниялардың басшылары қатысты. Форумда Бақыт Сұлтанов қос ел арасында тікелей әуе рейстерінің ашылуы бизнестегі өзара қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Биыл қазанда қазақстандық SCAT әуежелісі Алматы – Джидда бағыты бойынша тікелей рейстерді қайта жандандырады. Сондай-ақ біз алдағы уақытта Сауд Арабиясымен визасыз режимді қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл Сауд Арабиясының азаматтарына Қазақстанға емін-еркін келуге жол ашады», - деді министр инвестициялық форумда.

Оның айтуынша, бүгін Қазақстан мен Сауд Арабиясы вакцинация паспортын екі жақты мойындау мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.

«Сауд Арабия тарапы қызығушылық танытса, QazVac вакцинасын Қазақстаннан осы елге жеткізу, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағында қазақстандық вакцина бірлесіп өндіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар ол бүгінде елде Сауд Арабиясы капиталының қатысуымен бөлшек сауда, ақпараттық коммуникация, мемлекеттік транзакциялар саласында 11 кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.