Ресей санкциялары салдарынан 30 мыңнан астам қазақстандық құрылысшы жұмыссыз қалуы мүмкін

0
785

Елімізге құрылыс материалдарын жеткізуде де проблема бар.


Ресей санкциялары салдарынан 30 мыңнан астам қазақстандық құрылысшы жұмыссыз қалуы мүмкін

ERNUR.KZ. Ресейге салынып жатқан санкциялардың салдарынан қазақстандық құрылыс саласында 30 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біздің одақ еліміз бойынша 1200-ден астам құрылыс саласы ұйымдарының басын біріктіріп отыр. Бүгінде Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты отандық құрылыс саласы айтарлықтай қиындыққа тап болуда. Құрылыс материалдары қымбаттауының екінші толқыны басталды», - деді Талғат Ерғалиев «Атамекен» ҰКП-да онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елімізге құрылыс материалдарын жеткізуде де проблема бар.

«Мемлекеттік сатып алу бойынша сметалық жобада көрсетілген баға мен қазіргі нарықтағы бағаның арасы жер мен көктей. Одан бөлек, көрші елдегі санкциялардың салдарынан 30 мыңнан астам құрылысшы жұмыссыз қалмақ. Сонымен қатар 600-ден астам құрылыс нысаны қаржысыз қалды. Осы орайда шұғыл түрде алдын алу шарасын қабылдау қажет», - дейді ол.

Бұған дейін Ресейге салынған санкциялардың отандық бизнеске қалай әсер етіп жатқаны айтылды.