Көлікті Ресейде лизингке немесе кредитке рәсімдеп алады да, алғашқы бірнеше ай бойы ақшасын төлеп жүреді.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі Ресейде ұрланған көліктердің Қазақстанда сатылу фактілерінің көбейгенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтың айтуынша, ондай көліктерді алдымен кредитке, лизингке немесе жалға алу шарты бойынша рәсімдеп алады. Бірнеше ай бойы ақшасы төленіп тұрады.
Бірақ артынан кредит рәсімдегендер көлікті Қазақстанға алып келіп, сатып жібереді.
"Ресейлік әріптестерімізбен жұмыс жасағанда осындай қылмыстардың көбейгенін байқап отырмыз. Мысалы көлікті Ресейде лизингке немесе кредитке рәсімдеп алады да, алғашқы бірнеше ай бойы ақшасын төлеп жүреді. Сосын көлік құралын Қазақстанға алып келеді де, сатып жібереді", - деді Нұрмағамбетов ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осылайша барлық құжатын сатып алған адамға жазып бере салады. Ал лизингтік компания төлем түспегеннен кейін көлікті іздей бастайды. Құқық қорғау органдарына жүгінеді. Содан кейін ғана іздеу жарияланады.
Жалға алынған көліктер де тура сондай жолмен сатылып жатады.
Айта кетері, 16-22 тамыз аралығында "Автомобиль" республикалық шарасы ұйымдастырылған болатын. Оған 5 мыңнан астам полиция қызметкері қатысты. Негізгі мақсат – ұрланған көліктерді анықтау.
"Бір аптаның ішінде 118 көлік ұрлығы анықталды. Соның ішінде 93 - көлікті айдап кету фактісі анықталды. Сондай-ақ 25 ұрлық бар. 143 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде сегіз қылмыстық топ та бар", - деп атап өтті Нұрмағамбетов.
Бұдан бөлек, ұрланған автобөлшектерді сатқан жүздеген кәсіпкер де жауапқа тартылды. Оларға айыппұл салынып отыр.
Заң бойынша қосалқы бөлшектер арнайы дүкендерде ғана сатылуы шарт. Ал автобөлшектер біреуден сатып алынса, келісімшарт жасалуы тиіс. Көлік заттарын фотоға да түсіру қажет.