Себебі ол аймақтарда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында Жарма, Күршім аудандары мен Курчатов қаласында қатаң карантиндік шаралар әлі де сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Себебі ол аймақтарда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз», – дейді мамандар.
Ал қалған өңірлерде шектеу шаралары бүгіннен бастап кезең-кезеңмен алынады. Өйткені инфекциялық стационарлардың 80 проценті бос тұр. Өлім-жітім мен аурудың жұғу көрсеткіші де төмендеді. Қазір өңірдегі ірілі-ұсақты сауда орындары өз қызметтеріне кірісті. Шаштараздар мен сұлулық салондары да демалыс күндерден өзге уақытта жұмыстарын жалғастырмақ. Тақ және жұп сандар ретімен жүру тәртібі жойылды.
«Дегенмен карантин талаптарын бір сәтте алып тастау тиімсіз», – дейді санитарлық дәрігерлер.
Бұған осыған дейінгі жағдайлар дәлел. Көктемде болған қатаң шаралар жақсы нәтиже бергенімен, одан кейін жағдай ушығып кеткен еді. Енді сондай келеңсіздіктің алдын алуға қам жасалады. Мәселен, қоғамдық көліктерге әлі де сенбі-жексенбі күндері жүруге тыйым салынады. Алдағы аптада көрсеткіштер тұрақталып, бұдан да жақсарса, қосымша жеңілдетулер болуы мүмкін.
– Жеңілдетілген шаралар кезең кезеңмен өтуі тиіс, өйткені осындай қатаң шаралардан тез арада шыққан жағдайда, ауру тез таралып кетуі мүмкін. Тойхана, банкет залдары – оның бәрінде шектеулер сақталады және үйде болатын іс-шараларға қатысты да талап қатаң, - дейді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Марат Исмаилов.