Шығыс Қазақстанда тауға шыққан 35 адам коронавирус жұқтырды

0
761

Әсіресе Семей және Өскемен қалаларында науқастар көп.


Шығыс Қазақстанда тауға шыққан 35 адам коронавирус жұқтырды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында қауіпті дертке шалдыққандар саны өсіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, өңір тұрғындарының қоғамдық орындарда маска кимей, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, респираторлық аурудың белгілері пайда болған кезде бірден медицина қызметкеріне хабарласпайтындықтан COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны күн сайын артып келеді. Соңғы аптада бұл көрсеткіштің өсу қарқыны 8% құрады. Әсіресе Семей және Өскемен қалаларында науқастар көп. Өскеменде дертке шалдыққандардың өсу қарқыны аймақтық көрсеткіштен жоғары, яғни 9,9% құрап отыр. Ал Семейде – 6,3%.

«Бекітілген талаптарға немқұрайлық танытып, сақтық шараларын сақтамайтындар аз емес. Тіпті отбасылық шараларды өткізіп жатқандар да бар. Мысалы, Семейде тауға шыққан 35 адам вирус жұқтырған. Тағы бір жағдайда туған күнді атап өткен екі отбасының 9 мүшесінен СOVID-19 анықталды. Бұдан бөлек, бір отбасынан 11 адам мен олардың 2 көршісі және жұмыстағы 3 әріптесі дертке шалдыққан. Ауырғандардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласынан қонаққа келген» делінген хабарламада.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда маусым айында науқастар саны алдыңғы аймен салыстырғанда 4,2 есеге өсті. 29 маусымдағы жағдай бойынша 742 адам вирус жұқтырған.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскемен қаласында 11 шілдеге дейін карантин шараларының күшейтілгенін хабарлаған болатынбыз.