​Шығыс Қазақстанға еліміздің бес облысынан жұмысшы мамандар тартылуда

0
1 251

Шығыс Қазақстанға жұмыс күші басым өңірлерден көшіп келушілердің дені Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан.


​Шығыс Қазақстанға еліміздің бес облысынан жұмысшы мамандар тартылуда

ERNUR.KZ. Өткен жылы Шығыс Қазақстанға еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 1816 мүшесі бар 608 отбасы көшіп келген. Олардың ішінде 324 отбасы қоныс аударушылар болса, қалған 284-і оралмандар жанұясы. Облысқа негізінен мұғалімдер, медицина қызметкерлері, есепшілер, тәрбиешілер мен жұмысшы мамандар тартылуда. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.

«Шығыс Қазақстанға жұмыс күші басым өңірлерден көшіп келушілердің дені Алматы облысының тұрғындары. Нақтылап айтсақ, өткен жылы Алматы облысынан 169, Түркістан облысынан 70, Жамбыл облысынан 40, Маңғыстау облысынан 5, ал Шымкент қаласынан 2 отбасы Шығыс өңіріне көшіп келді. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады. Ақпан айының 14-і күні Түркістан, ал 27-28 жұлдызында Маңғыстау облысында жұмысшы мамандарды тарту мақсатымен жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Елена Васильевна баспасөз мәслихаты барысында.

Қазіргі уақытта Ақтау, Алматы, Тараз, Түркістан және Шымкент қалаларына жөнелтілетін 40 адамдық топ жасақталып қойған. Елена Старенкованың айтуынша, топтың мұнша көп адамнан құралуы бірінші кезекте Шығыс Қазақстан облысы аумағының ауқымды болуына байланысты. Облыстың 19 аудан, қаласынан мемлекеттік қызметшілер мен жұмыс берушілер бірге аттанбақ.

«Топ барған жерінде облысымыз туралы түрлі презентациялар көрсетіп, өңірімізді таныстырады. Сонан соң біз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздары көп өңірлерге нақты мақсатпен қайта ораламыз. Қазіргі уақытта аталған облыстардың барлығына біздегі 1084 бос жұмыс орны туралы мәліметтер жолданған. Онда әр аудан, қалаға қажет деген мұғалімдер, медицина қызметкерлері, есепшілер, тәрбиешілер, электромонтерлер, электр-газбен дәнекерлеушілер, бағдарламашылар, жүргізушілер, ветеринарлар мен агроөнеркәсіптік бағыттағы басқа да мамандар тізімі көрсетілген», - деп қосты басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда тұрғын үйді жалға алуға төленген қаражат есебінен қоныс аударушылар 99 үйді жеке меншікке сатып алған. Бұдан бөлек, Шемонаиха ауданына көшіп келген қоныстанушыларға 60 пәтерлік үй тапсырылған.

«Қоныс аудару бағдарламасындағы басты мәселелердің бірі үй салу және оны сатып алу екенін мойындаймын. Қазіргі уақытта бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық режимде іске қосылып отыр. Осыған орай біз Шығыс Қазақстанды да аталмыш пилоттық жобаға қосу жөнінде құзырлы министрлікке қызметтік хат дайындап жатырмыз. Қазірдің өзінде облысымыздың бес аудан, қаласы жер телімдерін бөліп, қоныс аударушыларға жеке тұрғын үй салып беруге тілек білдіріп отыр», - деді Елена Старенкова.