2020 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер көп балалы және аз қамтылған отбасыларға берілген болатын.
фото: кадрдан скринделген
ERNUR.KZ. Талдықорғанда пайдалануға берілген коттедж үйлердің сапасына қатысты шу шықты, деп жазады sputnik.kz.
Әлеуметтік желідегі видео көпшіліктің наразылығын тудырды. Жергілікті блогер жаңа коттедж қалашығындағы үйлердің бірінің қабырғасы желдің әсерінен құлап жатқаны туралы видео жариялады. 2020 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер көп балалы және аз қамтылған отбасыларға берілген болатын. Кадрда желдің әсерінен үйдің бірінің сылағы ұшып, қаңқасы ашылып қалған.
"Желден үгітіліп жатыр. 2020 жылы Талдықорғанда кезекте тұрғандарға берілген жаңа үйлердің жағдайы. Коттедж үйлер. Жемқорлық деген осы болар", - дейді жазбаға пікір білдірушілер.
Видео авторы сапасы төмен құрылыс материалдарынан салынған үйдің қаңқасы құлап жатыр дейді. Тұрғындар да пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасыздығын айтады.
Сонымен қатар билік коттедж қалашығының құрылысына бірнеше миллиард теңге бөлгені белгілі болды. Әр үйдің құны 15-16 миллион теңге.
Талдықорған қаласының әкімдігі тараған видеоға қатысты жауап берді. Құрылыс компаниясына қалпына келтіру жөнінде хабарлама жіберілген.
"Мердігер санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес кемшіліктерді, ақауларды өз есебінен жөндейді! Екі жылдық кепілдік мерзімі бар. Бұл әлемдік тәжірибе, құрылыста қателіктер болуы мүмкін. Пайдалануға берілген 432 үйдің бесеуінде ғана кемшіліктер бар", - деп түсіндірді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы өз парақшасында.
Құрылыста қандай материал қолданылғаны белгісіз. Жалпы 620 коттедж құрылысына мемлекеттік бюджеттен 8,1 миллиард теңге бөлінгені анықталды.