"Таппайтыны жоқ": Полицей формасындағы асаба тойға жиналғандарды дүрліктірді (видео)

0
786

Мен де қазақпын, бірақ бұл заң бұзушылық, дейді полицей.


ERNUR.KZ. Қарағанды облысында асаба полицей формасында тойға кіріп келіп, жұртты састырды, деп жазады Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған кадрларға қарағанда, адам толы киіз үйге полицей формасындағы ер адам кіріп, жүргізушіден микрофонын алып алады.


"Қайырлы кеш, құрметті қонақтар. Мен де қазақпын, бірақ бұл заң бұзушылық. Елде не болып жатқанын білесіздер. Ұйымдастырушылар қайда? Келіңіздерші, қанша адам отыратынын көріңіз. Бір үстелде 12 адам бар, бәрі бір-біріне жақын отыр, мұнда 20 адам. Неге көңілсіз отырсыздар? Неге қол шапалақтамаймыз?" - деді полиция формасындағы ер адам.

Әрі қарай, ер адам полицей емес, шоумен және жүргізуші екені белгілі болады.


"Шошып кеттіңіздер ме? Жандарым, той құтты болсын ағайын!" - деп жалғастырды шоумен полиция қызметкерінің формасын шешіп.




Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл шараның Қарағанды облысында өткенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бейнематериал жергілікті полиция департаментіне жіберілген.


"Қазіргі уақытта отбасылық іс-шара өткізген адам анықталды. Киіз үй иелері мен оны жалға алушыдан түсініктеме алынды. Анықтау нәтижелері бойынша ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес шаралар қабылданады", - деді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі полицей формасын киген ер адамның асаба екенін растады. Құқық қорғау органдары оны полиция қызметкерлерінің беделін түсірді деп санайды.

Полиция ҚР ӘҚБтК-нің 675-бабы "Айырым белгілері және (немесе) нышаны бар әскери, арнайы киімді заңсыз кию (пайдалану)" бойынша асабаны жауапқа тарту туралы мәселесін қарастырады.