Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды, деді президент.
ERNUR.KZ. ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ, деді Қасы-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында, деп жазады sputnik.kz.
"Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік", - деп түсіндірді президент.
Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді.
"Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы "Ақсай" нан зауытын және "Алматы су" мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті.
"Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды", - жежі мемлекет басшысы.