Қазақстандағы орыс тіліне ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ.
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанда орыс тілін қолдану аясы тарылмағанын айтты, деп жазады zakon.kz.
"Қазақстандағы орыс тілінің алар орны азайып, тарылып, одан бетер кеми бастады дейтіндердің сөзі шындыққа жанаспайды. Бұл қандай да бір жағдайды саясиландыру мақсатында істеліп отыр. Бұған не түрткі? Бұл басқа мәселе. Негізінде мен оның жауабын білемін. Бірақ қазір әңгімеміздің тақырыбы ол емес", - деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, оның айтуынша, Қазақстандағы орыс тіліне ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ. Орыс тілінде оқытатын мектептердің де саны бұрынғы қалпында.
"Тағы бір жайт, ақиқаты – қазақ тілінде білім алуға деген сұраныстың артып отырғаны. Мұны да ескеру қажет. Мемлекетіміздің атауының түбірінде «қазақ» деген сөз бар. Біз қазақ тілін үйренгісі келетіндер мен балаларын қазақ мектептері мен балабақшаларына бергісі келетіндердің мүддесін қамтамасыз етуіміз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Қазақстанда орыс тілі болмаса, географиялық тұрғыдан қиын болатынын қазақтар да бағамдайтынын айтты президент.
"Әлемдегі ең ұзын шекара бізде екенін жоғарыда айттым. Біз «құдай қосқан көршіміз», қазақтар орыс тілін жетік білуі тиіс, бірақ ана тілін де білуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.