Тоқаев сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді

0
599

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті.


Тоқаев сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығы, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі.

"Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде "төтенше жағдайға қажетті чемодан" да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды.

"Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Азаматтар "Үйге оралуға бола ма?", "Қайдан көмек алуға болады?" деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.

"Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзету қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін таппай отырғанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет.

Президент Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шыққанын, ал құзырлы органдар табиғаттың бұл сынағынан өте алмағанын атап өтті.

"2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан Үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар Президент бұл жұмыстың нәтижелерін бағалаудың нақты өлшемдерін әзірлеуді және тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

"Сейсмологиялық мониторинг пен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажет. Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде "смарт-қалалар" құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан еліміздегі ең ірі қала ретінде Алматыға басымдық берген жөн. Білікті сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісіне дайын болуға және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс.

"Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сондай-ақ азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар материалдық резерв жеткілікті болуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді қамтамасыз ету керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажет екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма берілді.

"Жалпы, тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде жақсарту қажет. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдайлар кезінде барлық салалық құрылым жедел әрекет етіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Дүрбелең мен хаосқа жол бермей, жағдайды тұрақтандырып, апаттың ауыр салдарын мүмкіндігінше жеңілдету үшін дұрыс және уақытылы әрекет ету маңызды.Төтенше жағдайларға сақадай сай болу – Үкімет бастаған мемлекеттік органдардың ортақ міндеті", – деді Президент.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтты.

"Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

"Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда", – деді Президент.

Сонымен қатар жиында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сөз сөйледі.