Енді біз цифрлық теңгені де қолданатын болдық.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бүгін Қазақстан республикасының ресми валютасы – төл теңгеміздің қолданысқа енгеніне бақандай отыз жыл толып отыр. Біз айтып отырған тарихи оқиға 1993 жылы 15 қараша күні орын алған еді. Сондай-ақ, араға төрт жыл салып, ел Президентінің Жарлығына сәйкес «Ұлттық валюта күн» мерекесіне «Қаржыгерлер күні» деп аталатын кәсіби мереке қосылған болатын.
Не нәрсенің де бастауы болатынын және бұл ұлт үшін маңызды екенін ескерсек, теңгенің пайда болу тарихынан да айналып өте алмаймыз. Жалпы, ұлттық банкнотымызды әзірлеу жұмыстары теңге қабылданардан бір жыл бұрын басталып, сол жылдың тамызында купюралардың үлгілері бекітілген. Содан соң теңгені дүниеге әкелген сурет өнерінің майталмандары Т.Сүлейменов, М.Алин, А.Дүзелханов пен Қ.Әбжәлелов ағылшындар еліне сапар шегіп, 1993 жылы сол мемлекеттегі тарихы өте тереңге жайылған және күллі адамзатқа белгілі «Харрисон және ұлдары» деп аталатын фабрикада төл ақшамыз басылып шықты. Ал, оны Қазақстанға жеткізу үшін төрт бірдей ұшақ Англияға он сегіз рет барып келген. Тиісінше, қомақты қаржыны сақтау үшін жер астынан қоймалар әзірленіп, қаражат барлық өңірдегі банк бөлімшелеріне сегіз күн ішінде үлестірілген.
Еліміздің экс-Президентінің айтуынша, теңгенің 60 пайызын елге жеткізу өте құпия миссия болғандықтан, мүліктің құжаттары құрылысы жүргізіліп жатқан Президент резиденциясына керекті тауар ретінде рәсімделген екен. Ал бұл өзгерістегі ең күрделі мәселе қаржыны барлық банкке жеткізу болыпты. Сондай-ақ, алғашқы банкноттарда қазақ халқы үшін өте маңызды тұлғалар, қазба жұмыстары кезінде табылған таңбалы тастар және Көкшетау мен Алатау бейнеленген. Ал бір жылдан соң тиындардың орнына жезден соғылған тиын монеталар пайда болды.
Ұлттық валютамыздың бастапқыда Ұлыбритания фабрикасында басылғанын жоғарыда атап өттік. Бірақ, бұл өндіріс түрінің шығыны да көп болатыны саналы адамға түсінікті болатын. Сол себепті 1995 жылдың көктемінде елімізде жаңадан банкнот фабрикасы бой көтеріп, ресми түрде жұмысын бастап кетті. Бұл өндіріс орнында екі жылдың өзінде-ақ, 200 миллионға жуық банкнот шығарылған екен. Кейіннен бұл фабрика ауқымын кеңейтіп, ел тұрғындарының куәлектерін де баса бастады. Қазір әбден жетілдірілген бұл өніріс ошағының тауарлары бүкіл әлемдік стандартқа сәйкес келеді.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, біздің ұлттық валютамыз дүниежүзіндегі ең жоғары деңгейде қорғалған валютаның бірі болып саналады. Оның ішінде жиырма мың теңгелік банкноттың 25 түрлі қорғаныс элементі бар екен. Тіпті, әлемдік банкнота қоғамы үш жыл бойы, дәлірек айтсақ 2011-2013 жылдар аралығында қорғаныс бағытындағы бірегей дизайны және үйлесімі үшін біздің теңгемізді дүниежүзіндегі үздік валюта деп санаған. Оның үстіне ұйымның 60 жылдан астам тарихында мұндай көрсеткішке ешкім қол жеткізбеген екен. Сонымен бірге, біздің теңге отыз жылдық тарихында бұдан бөлек ондаған әлемдік марапатқа лайық деп танылған. Одан бөлек, жиырма бірінші ғасырдың өзінде халықаралық байқауларда жиырмадан астам номинацияны қанжығаға байлаған. Бұл тұрғыда көптеген әлемдік деңгейдегі сарапшылар: «Қазақстан Республикасының теңгелерінде ежелгі дәстүр және дамыған технология сәтті байланыстырылған» деп пікір білдіреді екен. Одан бөлек, біздің ұлттық монеталарымыз әлемге танымал, талғамы өте биік әуесқой және кәсіпқой коллекция жинаушылардың да ерекше қызығушылығын тудырған. Біздің ұлттық теңгелеріміз дүниежүзілік каталогтардан да орын тауып, әлемдік қаржы нарығынан бой көрсетіп жүр.
Сондай-ақ, қазақтың ұлттық теңгесін цифрландыру жүйесі де табысты түрде жүзеге асырылып, қазір бұл арқылы ел тұрғындары банк картасы, QR-код, банк қосымшалары және өзге де ғаламторлық жүйелерді сатып ал және сату процесінде қолданып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары еліміз цифрлық жүйеге үдере көшті. Оған біріншіден ақпараттық технологиялар ұсынатын мүмкіндіктердің тиімділігі себеп болды десек қателеспейміз. Тиісінше, соңғы бес жыл көлемінде қаржы операцияларына қатысты цифрлық қызметтер саны 34 есе артып, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында цифрлық аударымдар көлемі 101 триллион теңгеге жетіпті.
Аталған саладағы тағы бір елді елең еткізген жаңалық – «Цифрлық теңге» жобасының іске қосылуы. Еуразиялық банк ұсынған бұл теңге қолма-қол ақшаға да, қолма-қол емес қаржыға да жатпайтын ваютаның үшінші бір түрі. Яғни, дәстүрлі теңге мен цифрландырылған ақша арасындағы көпір десек те болады. Бұл жүйе 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен нарыққа енгізілмек.
Сондай-ақ, биылғы теңгенің 30 жылдығы аясындағы ең маңызды жаңалық ұлттық банкноттардың жаңа стильде жарық көруі болды. Көпшіліктің көңілінен шығып, қоғамдық қолдауға ие болған ақша түрлері ежелгі Сақтардың стилінде әзірленіп, түп тамырымыздан бүгінгі күнге дейінгі құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Дегенмен, бұл ақшалар жаңа банкноттар дайын болған кезде ғана қаржы айналымына енетін болады. Оның ішінде, бес мың теңгелік үлгіні биылғы жыл аяқталғанша қолға ұстайтын боламыз. Сондай-ақ, бұл банкноттардың дизайны жалған ақша өндірісіне жол бермеу мақсатында жаңартылып отыратын болады. Бұл үдерісте де ұлттық құндылықтарға басымдық беріледі.
Енді «қазіргі қолданыста жүрген банкноттардың жайы не болады?» деген сауал туындап отырған болар. Біз оған да жауап бере кетейік. Бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым. Яғни, осыған дейінгі банкноттар да, жаңа валюта үлгілері де қатар қолданыла береді.
Бауыржан Мейірханұлы,