"Тұлғаның кім екеніне және лауазымына қарамаңдар": Президент тапсырма берді

0
477

Президент заңсыз иемделген активтерді, соның ішінде шетелден іздеуге баса мән беру қажет екенін, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру керектігін айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановпен кездесуде заңсыз иемделген активтерді Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру керектігін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Ведомство капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу мақсатында қаржы реттеушілерімен бірлесіп, күмәнді трансшекаралық аударымдарға күшейтілген мониторинг жасау ісін жолға қойған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл тоқтатылған күдікті операциялардың саны 3 еседен асқаны және олардың жалпы құны 150 млрд теңгеге жуық екені баяндалды. Осы деректер бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Агенттіктің мәліметі бойынша шетелге ақша қаражатын шығарудың күрт көбейгені байқалмайды. Керісінше биыл шетелге аударылған қаржы 30 пайызға азайған.

Жанат Элимановтың айтуынша, мүдделі органдармен бірлесіп, қолма-қол валютаны заңсыз шығаруға бақылау күшейтілген. Жалпы сомасы 5 миллион АҚШ долларына жуық заң бұзушылық анықталған.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент заңсыз иемделген активтерді, соның ішінде шетелден іздеуге баса мән беру қажет екенін, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. Бұл жұмыстардың бәрі тұлғаның кім екеніне және лауазымына қарамай жүргізілуге тиіс.