Үнді штамы қаншалықты қауіпті және одан қалай сақтануға болады

0
600

Вакцина алған адамдардың саны артқан сайын вирустардың мутациясының даму ықтималдығы төмендейді.


Үнді штамы қаншалықты қауіпті және одан қалай сақтануға болады

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қуатбаева коронавирустың үнді штамы қаншалықты қауіпті екенін және одан қалай қорғану керектігін айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

- Денсаулық сақтау министрлігі үнді штамы Қазақстанның барлық өңірінен анықталғанын айтты. Айтыңызшы ол қалай анықталады?

- Бізде коронавирус инфекцияның клиникалық көрінісі мен болжамдары бар. «Дельта» (үнді) штамын анықтау үшін ПТР скрининг жүргізіледі. Бұл әр аймақта іріктеліп тексеріледі. Содан кейін вирустың өзгеруін көрсететін фрагменттерді анықтау үшін барлық оң зертханалық үлгілерді қайта тексереміз. 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда үнді штамын анықтау үшін 414 сынама алынды. Бұл дегеніміз аталған штамм еліміздің барлық аймақтарынан, соның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан анықталды деген сөз. Бұл зерттеулер бүкіл республика бойынша вирустың сол немесе басқа нұсқаларының айналым белсенділігін білу үшін жүйелі түрде жүргізіледі. Бұрын біз Оңтүстік Африка және Британ штамдарының белсенді айналымы жүретіндігін айтқанбыз, ал қазір әлемнің басқа елдерінде танымал бола бастаған жаңа штамдар пайда болған кезде, біздің ел жаңа штамды анықтайтын арнайы тесттерді сатып алды.

- «Дельта» штамы қаншалықты қауіпті?

- Оңтүстік Африка мен британиялық штамдар ауырлығымен ерекшеленбеді, иә, кейбір пациенттерде ауыр өтті. Бірақ, «дельта» штаммы ауыр болады. Сондықтан науқастардың басым бөлігі ауруханаға жатқызылады. Ауру асқынған сайын, өлім соғұрлым көп болуы ықтимал. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар сақ болуы керек. Сондай-ақ иммундық жүйе аурулары бар адамдарда қант диабеті және тағы басқалары қозады. Бұл штамм ұсақ тамырларды зақымдап, тромбтардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Үнді штамы бір адамнан екінші адамға тез жұғады. Аурудың инкубациялық кезеңі қазір 7-ден 5 күнге дейін қысқарды. Үнді штамының белгілері: іштің ауыруы, тәбеттің төмендеуі, құсу, жүрек айнуы.

- Мамандардың айтуынша, үнді штаммымен балалар ауыра бастады, солай ма?

- Иә, біз жастар арасындағы аурушаңдықтың өсу динамикасын көріп отырмыз. Балалар мен жүкті әйелдер арасында да жұқтырғандар тіркеліп жатыр. Тұрғындарға айтарымыз қазір елде үнді штамы анықталды. Барынша абай болуға шақырамыз. Дәрігерлерге уақытында жүгіну керек. Ешбір жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайды, дәрігерді үйге шақырту қажет.

- Қай вакцинаны егуге кеңес берер едіңіз ?

- Қазіргі кезде ғылым Қазақстанда бар барлық вакциналардың жоғары тиімділігін (88-90%) дәлелдейді - бұл QazVac, Sputnik V, Hayat-Vax және CoronaVac. Біз қазір барлық тұрғындарға қысқа мерзімде вакцина егу мақсатында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Вакциналар барлық медициналық ұйымдарда бар.

Вакцина алған адамдардың саны артқан сайын вирустардың мутациясының даму ықтималдығы төмендейді. Осы мутацияның алдын алу үшін біз қысқа мерзімде ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әлемде вакцинацияланған адамдар арасында өлім тіркелген жоқ. Вакцинация – қорғанудың жалғыз жолы.