Үш адам қаза тапты: Қызылордадағы атысқа қатысы бар 13 күдікті ұсталды

0
529

Күдіктілерден бес қару анықталып, тәркіленді.


Үш адам қаза тапты: Қызылордадағы атысқа қатысы бар 13 күдікті ұсталды

ERNUR.KZ. Қызылордада биылғы мамыр айындағы 3 адам қаза тапқан атысқа қатысты күдіктілер ұсталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Облыстық прокуратураның басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетовтің айтуынша, қылмыстық іс аясында 13 адам ұсталып, оларды қылмыстық қудалау органдары күдікті деп таныды.

«Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілерден бес қару анықталып, тәркіленді. Тергеудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында 55 сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындылары қылмыстық іске тіркелді», - деді Б. Нұрмағанбетов.

Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталған өзге де мәліметтер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талабына сәйкес жариялануға жатпайды.

Еске салайық, 2022 жылдың 7 мамырында Қызылорда қаласының М.Көкенов көшесінде бір топ адам арасында төбелес шығып, соның салдарынан үш адам атыс қаруынан қаза тапқан болатын. Сондай-ақ тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Қаза тапқандар арасында қызылордалық спортшы, бокстан спорт шебері Қуандық Жүсіп те бар.