ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жобаны жүзеге асыруға көмектесуге уәде берді
ERNUR.KZ. Жақын арада көпшілікке танымал, конвейерінен бірде бір ұшақ шығарылмаған авиазауыттың ғимаратында құрғақ бие сүтін өндіретін кәсіпорынның цехы орналасатын болады. Бұл жобаны жүзеге асыруға көмектесуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев уәде берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазір «Еуразия Инвест ЛТД» құрғақ бие сүтін өндіретін зауыт Жансары кентінің маңында орналасқан. Онда 700 бие сауылып, сүті өңделеді. Дайын ұнтақ фармацевтика мен балалар тағамын шығаруда қолданылады. Өнім Ресей мен Қытайға экспортталады. Сүтті ұнтаққа айналдыру технологиясы Қазақстан үшін бірегей. Осы секілді өндіріс, бірақ анағұрлым кішірек көлемде Германияда ғана бар.
Өмірзақ Шөкеев инновациялық технологиямен Қарағандыға жұмыс сапары барысында танысып шықты. Ауыл шаруашылығы министріне сауу аппараттары, жылқыларға арналған қашалар мен зертханалар көрсетілді.
"Біздің қазіргі зауыт шалғайда орналасқандықтан белгілі бір қиындықтарға тап болып отырмыз: электр қуаты кейде өшіп қалады, қысқы уақытта өнімді жеткізу қиынға соғады, білікті мамандарды жұмылдыру күрделі. Біз ол мәселелерді шешу жолдарын құрдық. Қарағандының маңында орналасқан бұрынғы «КазАвиаСпектр» зауытының ғимаратын сатып алдық. Онда сүтті ұнтаққа айналдыруға арналған құрылғыларды орнатуды жоспарлап отырмыз, ал мұнда мал басын 1500-ға дейін ұлғайтып, биелерді асырап, сауатын боламыз. Біз тұрғындардан маусымда 2 млн литр сүт сатып аламыз, бұл дайын өнім көлемін 200 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алайда ол үшін бізге 3 млрд 80 млн теңге көлемінде қаражат қажет," - деді министрге жылқы зауытының басқарушысы Баян Елшин.
Оған Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені шешуде көмек көрсететінін айтып, уәде берді.
«Еуразия Инвест ЛТД» зауыты 2015-ші жылы іске қосылды. Оған шамамен 2,5 млрд теңге қаражат салынған, оның ішінде 1,7 млрд теңге - «ҚазАгроФинанс» АҚ мен Аграрлық Несие Корпорациясының қаражаты. Бүгінгі таңда зауытта 700 бие бар, 145 білікті маман қызмет етеді. Бір жылда компания шамамен 30 тонна дайын өнім өндіреді. 2017-ші жылы зауыт Ресей, Беларусь, Қытай және АҚШ-қа 4,6 тонна ұнтақ қоспа сатқан.
Естеріңізге сала кетейік, «КазАвиаСпектр» зауыты 2012-ші жылы салынған. Онда «Фермер-2» және «Фермер - 500» модельді үшақтар жасалып, экспортталуы тиіс болатын. Алайда, жұмыс істеген уақытында зауыттан бірде бір әуе кемесі жасап шығарылмады. 2017-ші жылы ол банкрот деп жарияланды.