Заң жобалары қазақ тілінде әзірленуі керек

0
1 000

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы заң жобаларының мемлекеттік тілдегі дайындау сапасына қатысты Үкіметке сауал жолдағандарын, бірақ оған әдеттегідей үстірт жауап берілгенін айтты.


Заң жобалары қазақ тілінде әзірленуі керек

ERNUR.KZ. Парламент Сенатында палата Төрағасы Дариға Назарбаеваның қаты­суы­мен «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақы­ры­бында парламенттік тың­дау өтіп, заң жобаларын әзірлеу, ресімдеу, келісу, құ­қықтық мониторинг жүр­гізу және олардың сапасы жөнінде өзекті мәселелер талқыланды, деп жазады egemen.kz.

Заң әуелде сапалы дайындалуы тиіс

Парламенттік тыңдауды Се­нат­тың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков ашты. Ол азаматтардың әл-ауқатының артуы мен құқықтары қорғалуының негізі болып саналатын заңдардың сапасы жоспарлаудан бастап барлық заң шығару процесінің тиімділігіне тікелей байланысты екенін айтты.

– Заң шығару процесіндегі мәселелер Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың қан­дай да бір саладағы іргелі негіз­дердің ұзақмерзімді дамуын нақ­тылай алмағандығынан қор­даланатынын көріп отырмыз. Құқықтық қаты­нас­тарды қатаңдату, одан кейін ырық­тандыру бойынша ретсіз түзету­лер азаймай тұр. Мысалы 2014 жы­лы қабылданған кодекс­терге 2-3 айда орташа есеппен бір рет түзету, ал Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске қабыл­данған сәтінен бастап 107 заңға тү­зетулер енгізілді. Мұн­дай тәсіл арнаулы және са­ла­лық заң­дар мен жалпы заң­на­маның тұрақ­сыздығына әкеп соқтырады. Сондай-ақ заң шы­ға­ру қызметін жоспарлау сапа­сы­ның да төмендігін атап өткен жөн. Мәселен, Үкіметтің 2019 жыл­ға арналған заң жобалау жұмыс­тарының жоспарына 7 рет түзету енгізілді. Заң жобаларын Пар­ламентке жолдау мерзімдері сақ­талмайды. Заң жобаларын күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталардан бұрын қарауға енгізу жағдайлары жиі кездеседі, – деп В.Волков заң жобаларын қабылдарда негізгі бағыттардың басынан бастап толық қамтылмайтынын сынға алды.

Бұл сөзді құптаған Сенат жа­нын­дағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Дулат Құсдәулетов заң жобаларының сапасы туралы айта келіп, мұнда заңдарды әзірлеуге деген немқұрайлы тәсіл басты мәселе екенін алға тартты.

– Тіпті ел басшылығының тапсыр­маларын орындау кезінде де мемлекеттік органдар бізге заң талаптарына құрылымдық жағынан да, мазмұн жағынан да сәйкес келмейтін және қойылған міндеттерді толық көлемде іске асыра алмайтын заң жобаларын ұсынады. Ең жаманы, мемлекеттік органдар Конституцияның негізгі ережелері мен қағидаларын да әрқашан ескере бермейді, – деді Д.Құсдәулетов.

Заң жобалары қазақ тілінде әзірленуі керек

Сонымен қатар алқалы топ­тың алдында сенатор Мұрат Бақ­тиярұлы заң жобаларының әуелі мемлекеттік тілде дайындалмай­тынын айтып, қынжылыс білдірді. Ол өткен сессияның 26 маусымдағы отырысында бір топ Сенат депутаттары атынан заң жобаларының мемлекеттік тілдегі дайындау сапасына қатысты Үкіметке сауал жолдағандарын, бірақ оған әдеттегідей үстірт жауап берілгенін атап өтті.

– Шындап келсек, заңдар алдымен мемлекеттік тілде да­йындалып, содан кейін ғана қажет болса орыс тіліне аударылуы тиіс. Бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде Қазақстан мен Белоруссиядан басқа елдің барлығы да әлдеқашан осылай істейді. Ұлы Абайдың тілін қалыптастырған, «Абай жолы» сынды баға жетпес туындыны өмірге әкелген, талай ғаламат көркем шығармаларды тудырған, тамсана оқылатын фольклорлық шығармаларға арқау болған қазақтың тілі заң жазуға икемсіз дегенге кім сенеді?! Билер сотын қалыптастырған бай да көркем қазақ тілі – нағыз заң тілін қалыптастырып, норма жасауға, жазуға өте қолайлы тіл. Мемлекеттің басты нышаны тіл десек, заңдардың мемлекеттік тілде жазылмауы – біздің мем­ле­кеттімізге де, ұлт ретінде ар-намысымызға да үлкен сын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін халықаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыруды қолға алып жатқанда, бұл мәселені түпкілікті шешіп, заңдар мен нормативтік құжаттарды алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуге көше­тін уақыт жетті, – деді сенатор.

Әріптесінің бұл ойын Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жалғады. Ол Президент айтқан «құлақ асатын мемлекетке» қоса «көретін мемлекетті» де құру керектігін жет­кізді.

– Қабылданған заң жұмыс істеу керек. Ол үшін заңның тілі жұмыс істеу керек. Аудар­ма арқылы қабылданған заңның жүзеге асуы, өмірде қолда­нылуы өте қиын. Біздің қазақта «Көр­мейін десем – көзім бар» деген сөз бар. Мәселен, бүгінгі дайын­далған ақпараттық-анықтамалық материалдардың 48-беттегі орысшасында: «Однако в настоящее время одной из главных бед ка­захстанской законотворческой деятельности называется пресловутое «мелкотемье». Енді осының қазақшасында ауда­рыл­ғаны қалай? «Қазіргі уақыт­та қазақстандық заң шығару қыз­метінің басты бедінің бірі «ұсақ-түйек» деп аталады» дей­ді. «Главных бед» дегенді «бас­ты беді» деп аударады. Енді осын­дай ұсақ-түйек деп отыр­ған нәр­семіздің барлығы біздің мемле­кеттік тіліміздің мәртебесін төмен­дететін нәрсе деп қабылдаймын. Сон­дықтан кез келген заңды қабыл­дау кезінде мемлекеттік тілді құр­меттеуді өтінер едім, – деді Н.Жүсіп.

Формализмнен арылатын уақыт келді

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тың­дауды қорытындылай келіп, бү­гінгі таңда заң шығару процесіне көз­қарасты түбегейлі және тұ­жырымдамалық тұрғыда қайта қа­рау қажеттігі туындап отыр­ға­нын атап өтті.

– Заң мен құқық – біздің күн­делікті өмірімізді реттеп отыратын ереже. Формализмнен арылатын уақыт келді. Демек қазіргі кезде Үкіметтің өз бастамасымен әзірленген заңдарға немесе Парламент депутаттарының бас­тамасы бойынша дайындалған заңдарға мониторинг жүргізетін пәрменді құрал жоқ. Құқықтық мони­торингке көзқарасты тү­бегейлі өзгерту қажет. Онсыз, ба­қы­лаусыз, туындаған мәселелерді тал­қы­лаусыз ештеңе болмайды, – деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы келесі парла­менттік тыңдауды құқық қолдану тәжірибелеріне арнау керектігін, оған сот органдары, прокуратура өкілдері мен адвокаттарды қа­тысуға шақыру қажеттігін айтты.

– Бұл сот процестерінде тікелей жұмыс істейтін және адамдардың, бизнес пен компаниялардың тағдырын шешетін үш инстанция. Сондықтан мазмұнды әңгіме өрбуі керек. Құқықтық сараптаманың сапасы жақсарғанын қалаймыз. Оның сапасының шарттарын қайта қарау және сарапшыларды іріктеудің нақты тетігін әзірлеу қажеттігі туып тұр. Біз Парламент жанынан заңнаманы зерттеу және сараптау институтын құру туралы ұсынысымызды қолдағаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз. Бұл бізге осы жұмысты сапалы әрі дербес жүргізуге мүмкіндік берер еді әрі Парламент мәртебесін нығайтуда және күшейтуде зор қадам болады, – деді Спикер.

Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Сенат бұдан былайғы жұмыстар жөнінде Үкімет атына ұсыныстар әзірледі. Парламент Сенаты жанындағы Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңес отырысында ұсынымдардың орындалу барысын қарау туралы шешім қабылданды.