Заңсыз көші-қон ұйымдастырған инспекторға үкім шықты

0
1 399

Павлодар ауданы бойынша көші-қон қызметі тобының аға инспекторы полиция капитаны Т.Мурзалиновтың құқыққа қарсы әрекеттері анықталды.


Заңсыз көші-қон ұйымдастырған инспекторға үкім шықты

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасына Өзбекстан мен Тәжікстаннан заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған көші-қон қызметі тобының аға инспекторы полиция капитанына үкім шықты, деп жазады baq.kz.

ҚР ҰҚК Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы бойынша Полиция департаментінің Павлодар ауданы бойынша көші-қон қызметі тобының аға инспекторы полиция капитаны Т.Мурзалиновтың құқыққа қарсы әрекеттерін анықтап, жолын кескен.

«Ол Қазақстан азаматы И.Оспанов және Өзбекстан азаматы К.Джураевпен келісу арқылы Қазақстан Республикасына Өзбекстан мен Тәжікстаннан заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған» - делінген хабарламада.

Оқиға 2018 жылдың қараша айында болған. ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті Т.Мурзалиновты еңбек мигранттарын заңсыз ресімдеуге көмек көрсеткені үшін пара алу үстінде ұстады. Сонымен қатар, қылмыстық топтың мүшелері K.Джураев және И.Оспанов тұтқынға алынды.

Тергеу әрекеттері барысында ОАӨ елдерінен келген 35 куәгер аталған фактілерді мойындады.

«Сот үкімімен Т.Мурзалинов ҚР ҚК 394-бабы 2-бөлімі «заңсыз көші-қон ұйымдастыру», 361-бабы 1-бөлімі «лауазымдық өкілдігін теріс пайдалану», 366-бабы 1-бөлімі «пара алу» бойынша қылмыстық жауапқа тартылып, 1 202 500 теңге (500 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды және мемлекеттік қызметте лауазымға ие болу құқығынан айырылды» - деп хабарлады ҰҚК.

И.Оспанов ҚР ҚК 394-бабы 2-бөлімі «заңсыз көші-қон ұйымдастыру» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі болып танылып, 841 750 теңге (350 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

K.Джураев ҚР ҚК 394-бабы 2-бөлімі «заңсыз көші-қон ұйымдастыру» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі болып танылып, 2 жыл 6 ай мерзімінде бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.