Жамбыл облысының Көксай шатқалында этноауыл салынып жатыр

0
1 221

Бұл жоба туристерге тек демалыс ұйымдастырып берумен шектелмей, ұлттық болмысымызды да айшықтамақ.


Жамбыл облысының Көксай шатқалында этноауыл салынып жатыр

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында «Көксай» этноауылы салынады. Бұл туралы өңірлік туризмді дамыту және осы бағытта кездесіп отырған мәселелерді талқылауға негізделген жиын барысында айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Өңірде туризм индустриясын дамыту, ішкі және кірмелі туризмнің әлеуетін арттыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев туристік компаниялардың және қонақ үйлердің басшыларымен кездесіп, кеңес өткізді.

Кеңеске жиналғандарды ой-пікірін ортаға салуға шақырған Алмас Мәдиев саланы дамытуға айрықша ден қою керектігін баса айтты.

«Бұл басқосуымыздың түпкі мақсаты – жұмыс орындарын сақтап, істі ары қарай қарқынды жалғастыру. Әрине, пандемияның салдарынан карантин шектеулерімен ешкім үйінен шыға алмай, туризм саласына едәуір қиындықтар әкелгені белгілі. Енді жұмысты жандандырып, бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Жамбыл облысының туризмде әлеуеті мол. Өңірімізде 187 қонақ үй, 7 шипажай бар», -деді А.Мәдиев.

Кәсібін ілгерілетуге кедергі болып тұрған мәселелерін айтып, көмек сұраған кәсіпкерлер балалар туризмін ілгерілету қажеттігін көтерді. Әсіресе, еліміздің тарихын тану үшін барлық бала көне Таразды, тарихи жәдігерлерге бай Әулиеата өңірін өз көзімен көруі керектігін алға тартты.

Сондай-ақ, осы басқосуда «Көксай» этноауылының жобасы таныстырылды. Көксай шатқалынан демалыс орнын ашқалы отырған қожалық өкілі Нұрмұхаммед Исаков осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Өзіміздің жеке инвесторлық есебімізден ашқалы отырған демалыс орынына киіз үйлер орнатып қойдық. Сол секілді бірқатар жұмыстар жүргізілді. Карантин шектеулері алынған уақытта демалуға айына 2 жарым мың адам келді. Егер жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда 80-100 адамды жұмыспен қамтимыз. Ол жерде 2 қонақ үй және спорт кешені, саяжайлар болады. Жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істеуді көздеп, жазда бассейндермен қатар, қыста шаңғы тебу, сырғанақ алаңын да жүзеге асырмақпыз. Жаяу серуенмен қоса, атпен серуен жасауды да ұйымдастырамыз. Бізге ендігі керегі - 18 шақырым жолға асфальт төсеп, газ жүргізіп берсе дейміз. Басқа инфрақұрылымның бәрін өзіміз жасап жатырмыз», -деді Н.Исаков.

Оның айтуынша, бұл жоба туристерге тек демалыс ұйымдастырып берумен шектелмей, ұлттық болмысымызды да айшықтамақ.