Бүгінгі күнге акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 129 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды.
773 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысқан көктемде басталған экологиялық акция жыл сайын дәстүрлі түрде қолға алынатын күзгі тазалық айлығына ұласты, деп хабарлайды ERNUR.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыс орталығы Тараз қаласында «Күзгі тазалық» эко акциясы шеңберінде «Сеңкібай» каналының 5 шақырым арақашықтықты құрайтын жағалауы қоқыстардан тазартылып, экологиялық акцияға қатысушылар шашылып жатқан пластик қалдықтар мен қоқыстарды жинап, 200-ден астам қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.
Каналдарды тазалау жұмыстары қашанда айрықша маңызға ие, бұл жұмыстар өңірдің шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз.
Күзгі тазалық айлығының басталуына байланысты тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында өткізілді. Атап айтқанда, су айдындарының жағалауларында, саябақтар мен скверлерде, көпқабатты тұрғын үйлердің маңында, демалушылар көп жиналатын орындарда жалғасты.
Белсенді азаматтар, еріктілер мен жастар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы орталық саябақта, тарихи-өлкетану мұражайында, Қордай ауданының Касық және Жамбыл ауылдық округінің автомобиль жолының бойында тазалау жұмыстарын жүргізсе, Жуалы ауданының рухани орталығы болып саналатын Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза музейінде 100-ден астам адамның қатысуымен «Өнегелі ұрпақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Меркі ауданының Аспара, Ақермен, Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылдық округтерінде еңбек ардагерлері, тыл, жалғызбасты қарттардың аулаларында суару, арықтарын тазалау, әктеу, қоршауларды сырлау жұмыстарын жасап, көмек қолдарын созды.
Акция Жаңатас қаласында адамдар көп жүретін темір жол вокзалында, «Ақұбұлақ» демалыс аймағы мен көпқабатты тұрғын үйлердің маңында жүргізілді.
Бүгінгі күнге акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 129 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 16 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды. Бұл жұмыстарға жалпы 958 бірлік техника қатысты.