«Армандаған дүние бар, бірақ анам жоқ...»: Абай Бегейдің ұлы тойында марқұм анасын еске алды

0
1 308

«Алла аппақ жүрегін ластамау үшін ертерек алып кеткен шығар»


«Армандаған дүние бар, бірақ анам жоқ...»: Абай Бегейдің ұлы тойында марқұм анасын еске алды


Күні кеше әнші Абай Бегейдің ұлы үйленіп, Алматыда дүркіреген той өтті. Әншінің ұлы Жалғас Шымкенттің Бадинұр есімді сұлуын үйіне келін етіп түсірді.


Келіннің бетін айтыскер-ақын Балғынбек Имаш ашты. Ал үйлену тойындағы «Ғашықтар әнін» атақты «Дос-Мұқасан» ансамблі шырқап, келген қонақтарды ерекше әсерге бөледі.


Тағы бір әсерлі сәт, Абайдың ұлы Жалғас марқұм анасы Жәннатқа арнап «Анаға сағыныш» деп жазған хаты болды. Той үстінде лэд экраннан Абай Бегейдің бірінші жұбайының естелік видеолары көрсетілді.


«Сәлем, Анашым! Балаларыңыз боп сізге хат жазамыз деп шештік. Мам, балаларыңыз сіздің жылы құшағыңызды сағынды. Басымыз біріксе, өзіңізбен өткен тәтті сәттерді ойлап, бір жылап аламыз. Бәріміз үлкен өмірге қадам басып жатырмыз. Міне, сіздің жалғыз ұлыңыз өзіңізден аумайтын жанды әулетімізге алып келіп, жоқтығыңызды жасырып жатыр.


Анашым, сіз өте арманшыл едіңіз ғой. Кезінде «Армандар картасында» ілулі тұрған үлкен зәулім үй, соңғы үлгідегі машина, аппақ ремонты бар бөлмелер, тіпті залдағы ұзын столды да армандап едіңіз ғой. Қызық, сенесіз бе, қазір сол армандаған нәрсенің бәрі бар. Бірақ, Сіз жоқсыз! Қазір соның бәрін ұл-қыздарыңыз көріп жатыр. Мам, сол кезде біз үшін барлығына төзіп, қырсық мінезімізді көтеріп, сабағымызды оқытып, оң тәрбие беріп өсірдіңіз. Ештеңеміз болмаған кезде, қиын күндерде өмір сүрдіңіз. Және соның жемісін көре алмай, жастай кеттіңіз. Кейде еске алып жылап аламыз.


Сіздің жоқтығыңызға үйренісу үшін әкем қатты қиналып, көп еңбек етті. Бізді аяққа тұрғызу үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Аллаға шүкір, әкемнің де жағдайы жақсы. Сіз кеткесін орныңызды жоқтатпай, аналық мейірімін көрсетіп жүрген Фариза апам келді. Бізбен сырлас дос, кез келген уақытта қолдап, "балам" деп жылуын төгіп жүреді.


Мама, қазір қасымызда болғаныңызда алақанымызға салып аялап, бар жақсыны беріп, өзіңізді жақсы сезіну үшін барымызды салар едік. Құрбыларыңыздың қасында құлпырып жүру үшін қалаған затыңызды әперіп қояр едік. Анашым, әттең, Алла сіздің аппақ жүрегіңізді бұл жалған өмірде ластағысы келмей, ертерек алып кеткен шығар... Жаныңыз Жәннатта болсын, Анашым!» делінген хатта.


Айта кетейік, Абай Бегейдің бірінші әйелі Жәннат осыдан 9 жыл бұрын өмірден өткен. Артында үш қызы мен бір ұлы қалған еді. Әнші кейін Фариза есімді қызға үйленіп, бүгінде тату-тәтті отбасы боп отыр.