​«Беттері қалыңдай бастады»: Қалдыбек Құрманәлі Нұрлан Өнербаевты айыптады

0
8 834

«Лақтырып жіберу керек еді»


​«Беттері қалыңдай бастады»: Қалдыбек Құрманәлі Нұрлан Өнербаевты айыптады

Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі «Ашық подкаст» ютуб каналына сұхбат беріп, хит әндерді жаздырып алып, оларға қаламақысын төлемей кеткен өнер адамдары жайлы пікір білдірді. Өнер иесі осы уақытқа дейін ешбір әншіден бір тиын ақы алмағанын мойындады.


Айта кетейік, таяуда ақтөбелік ақын Ершат Қайболдин әнші Нұрболат Абдуллиннің «Сен қорқақсың» деген әніне сөз жазып беріп, небәрі 20 мың теңге алғаны үшін жылап қалған еді.


«Бәрі о бастағы келісімге байланысты ғой. Мысалы, мен бір әнімді сатқан емеспін. Тіпті кей әндерімді өз ақшама өңдеп, жаздырып бергем. Ол кездегі әншілер бай болған жоқ. Кейбірі «аранжировкасын жасап беріңізші» деп өтінетін. Өзіміз басы-қасында жүріп, дайындайтынбыз.


Ал енді әлгі ақтөбелік ақынның «Жиырма мың теңге берді» деп жылағанын мен қолдамаймын. Енді ол өзі о баста 20 мың теңге бергенде айтпай ма, «Мына әнге мен сөз жазып берейін, оның құны мынадай болады. Басқалар осынша беріп жатыр, сол қатарлы төлей ғой» деуі керек еді. Арада келісім болмады ма, болмаған сияқты. Енді арада пәлен жыл өткен соң «Қылышыңды боққа шап» дегендей несіне айтып отыр?! Керемет, өркеуде, намысты ақын екен, сол ақшаны бергенде алмауы керек еді. Лақтырып жіберуі керек еді, «мен одан да тегін жазып бере салайын саған, бір-екі күн аш жүре тұрармын» десе, жарасар еді. Өзі келісті ғой, ақшаны алды. «Ең көп алған қаламақым» деп соны айтып отыр, демек оған бермеген де адамдар болған. Қайта Нұрболат Абдуллин деген әнші оған көп беріпті. Ал енді бәрі өтіп кеткен соң қайта қозғаудың қажеті жоқ», - деді Қалдыбек Құрманәлі.


Композитор сондай-ақ әннің мәтінін өзгертіп немесе әуенін басқаға ауыстырып жіберетін әншілерді жазаға тартуды ұсынды.


«Мынадай нәрсе шығып жатыр, біреудің әнін рұқсатсыз орындап жүргендер, біреудің өлеңін алып тастап, басқа өлең жаздырып алып айтатындар шығып жатыр. Оларды жазалау керек. Авторлық құқықты бұзып тұр. Әннің авторларын хабарламай, «өзімнің әнім» деп орындап жүргендер көбейді. Ал баяғыда, Роза, Мақпалдар шыққанда, олар сахнаға шықпай жатып әннің аты, авторлары хабарланатын. Ал енді өздері шықса, микрофонмен композитор мен ақынның атын айтып, елге таныстыратын. Адамдық тұрғыда да, заңға сәйкес те осылай болуы тиіс.


Мен ашығын айтайын, осы нәрсе Нұрлан Өнербаевтан басталды. Тойға барса да, концертке барса да «Мен бір әнімді айтып берейін» деп шырқай жөнеледі. Ержан Белғозиевтің, Марат Омаровтың әндерін «менің бір әнім» деп айтып жүрді. Олар оған ренжіді. Ақыны да, композиторы да тірі, өзімен қатарлас жігіттер ғой. Ұят тірлік істеді. Осыдан кейін басқа әншілердің де беті қалыңдай бастады», - деді композитор Қалдыбек Құрманәлі.