​«Енеме салт-дәстүрді өзім үйреттім»: актриса Лаура Мырзахметова келін болған кезін еске алды

0
3 012

«Қалмаққа тиіп жатыр» деп ағам қарсы болды»


​«Енеме салт-дәстүрді өзім үйреттім»: актриса Лаура Мырзахметова келін болған кезін еске алды

Көпшілікке Баян Мақсатқызының «Бақыт» фильмі арқылы танылған актриса Лаура Мырзахметова «Мамский әңгіме» подкастында отбасылық өмірі жайлы айтты.


«Мен Моңғолияның азаматымен бас құрадым. Өзі Түркияда оқыған, мамандығы – геолог. Екеуміздің үйленуімізге ата-анамыз қарсы болды. Менің мамам «Немене, Қазақстаннан адам таппай қалдың ба?» деп ренжіді. Ағам да «қалмаққа тигені несі, қазақ табылмай қалды ма» деп тиісті. Үш күн олармен сөйлеспей қойдым. Ақырында мамам батасын берді.


Күйеуім үйдегілердің алдынан өтіп, танысып, рұқсатпен әкетті. Ол менің актриса екенімді білді. Бірақ «кейін қоя салады» ғой деп ойласа керек. Оған менің мамам «Бұл қыз кішкентайынан өнерде жүр, гастрольге көп шығады. Сен соған дайынсың ба? Деп ескертіп, жағдайды түсіндірді. Ал арғы жақта маған енем қарсы болған. «Ойбай, актриса ма? Өзің қызғаншақсың, ертең онымен бір күн де тұра алмайсың ғой» деп сөйлепті. Бірақ қайын атам араға түсіп, екеуміздің үйленуімізге разы болған» деді Лаура Мырзахметова.


Актриса Моңғолияға келін боп барған. Бірақ ол жақтағы салт-дәстүрді түсіне алмапты.


«Келін келді деп күтіп алғанда ол жақтың адамдары менің басыма орамал салмады. Отқа май құймадым. Киіз үйдің ішіне апарып отырғызып қойды. Күйеуіме «мамаңды шақыр, маған орамал салмай ма, біздің жақта былай» деп түсіндірдім. Ол аң-таң, «Орамал шымылдықта тұр ғой, алып таға салсайшы» дейді. «Бұлай болмайды» деп енемді шақырып, салтты түсіндірдім.


Ертеңіне сәлем салып ем, ата-енем тағы да таңғалды. Атам абдырап, шок боп қалды. Сосын енеме тағы да «біздің жақта сәлем салғасын үлкендер бата береді, «көп жаса» деп тілек тілейді» деп айттым. Бүкіл салт-дәстүрді енеме өзім үйретіп, сіңісіп кеттім ғой» деді актриса.


Он жыл бойы перзентке зар болған актриса күйеуіне екінші әйел алуға рұқсат бергенін жасырмады.


«2012-жылы бас қостық, тұңғышымды былтыр босандым. Бақсы-балгер де, Алматыдағы ең мықты дәрігерлер де қалмады. Бәріне барып шықтым. Бірақ ешқайсысы нақты диагноз қойып бере алмағасын ЭКО жасатуға тура келді. Ал оған дейін түрлі жағдай болды. Жолдасыма «сен екінші әйел ал, мен рұқсатымды бердім. Қанша дегенмен еркексің, сен айтпасаң да сенің туыстарың айтуы мүмкін, мен саған ризамын» дедім. Жолдасым «Жоқ, егер Алла бізге сондай сынақты беріп тұрса, мұның да бір қайыры бар шығар» деп сабыр сақтады. «Қашан менде қуанатын күн болады» деп жылайтынмын...» деп сырын ақтарды ол.