«Өзіміз сияқты ауылдан келген қазақтар ешқашан Алматыны өртке орамайтыны түсінікті»
Еліміздегі қалыптасқан жағдайға өнер өкілдері де алаңдаулы. Олардың біразы инстаграм парақшаларында өз ойларымен бөлісуде.
Белгілі продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов «Дәл қазір біз үшін ең қымбаты –Тәуелсіздігіміз! Еліміз, жеріміз!» екенін айтады.
– Күшіміз де, берекеміз де тек қана – бірлігімізде! Алдында Ел атынан президентімізге жазған ашық хатымда айтылғандай, осы еліміз үшін, оның ертеңгі болашағы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен үміт артамыз,-деп айтылған. Өзіміз сияқты ауылдан келген қазақтар ешқашан аэропортты жаулап, телеарналарға шабуыл жасап, Ұлттық ҰҚК-нің есігін сындырып, қару-жарақтарын тонамайтыны, өздеріне оқ атпаған солдаттарға қару кеземейтіні, Алматымыздай ару қаланы өртке орамайтыны, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың машинасына оқ атып, жүргізушісін өлтірмейтіні, бейбіт елге, балаларға оқ атпайтыны бәрімізге түсінікті. Бейбіт шеруге шыққан халық бір бөлек, арандатушы «террористер» бір бөлек! Өз халқына оқ атпаған, қиын да күрделі, Тәуелсіздігімізге қатер төнген сын сағатта сабыр сақтай отырып, қиындыққа қасқайып қарсы тұрған Президентімізді қолдаймыз! Әсіресе осындай қиын сәтте жол тауып, халықпен бірге болған Президентімізге сенемін! Күшіміз тек қана бірлікте, қадірменді ағайын! Алла ынтымақ, бірлігімізді біріктіріп, берекесін берсін! Елімізде мәселе көп. Тәуелсіздігіміз бен Еліміз, Елдігіміз аман болса, Алла қаласа бәрі шешіледі! Ешқашан үмітіміз үзілмесін, Қазақ Елі! Біз сізбен біргеміз, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!» - деді Қ.Болманов.
ҚР Парламент мәжілісінің отырысынан соң танымал әнші Мадина Сәдуақасова Президентке алғысын білдірді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің жолдауыңызды басынан аяғына дейін тыңдап шексіз ризашылығымды білдіргім келіп тұр! Мемлекетіміздегі барлық ақауларға назар аударып (коррупция, жұмыссыздық, қымбатшылық…), соларды жоюға бағыт алғаныңызға, қазақстандықтардың, халықтың мазалаған басты мәселелеріне тоқтап, жақсы жағына, халыққа тиімді жағына өзгеріс жасауға бағытталған бастамаларыңызға Алла жар болсын!!! Қиын күндеріміз артта қалып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, тәуелсіз елімізді сырты-ішкі жаудан сақтап , тыныш, берекелі, мерекелі, бейбіт Қазақстанда өмір сүрейік!» - деді Мадина ханым.
Бұдан бөлек, белгілі актер Рахман Омар да «Күткеніміз осы еді ғой!» десе, танымал блогер, журналист Дәулет Мұқаев Президенттің Парламент мәжілісінің отырысында айтқан мәлімдемесі көңілінен шыққанын алға тартты. «Елбасының саясаты, соның арқасы, анау-мынау деген бір сөз айтпады. Тек қана Елбасы арқасында өтееее бай адамдар мен компаниялар пайда болғанын айтып, енді олар халықпен бөлісетін уақыт келгенін айтты», - деп жазды ол.