«Атақ мені қанаттандырады»
Танымал актриса, вайнер Жұлдызай Дүйсенбиева «Хабарlike» бағдарламасына сұхбат беріп, өзіне айтылған сынға жауап берді. Өнер иесі жақында ғана «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын алған болатын.
«Пендеміз ғой, пенде болмасақ біз бұлай өмір сүрмес едік. Осы атақты алғанда көп адам құттықтап жазды. Жазылған пікірлерді ерінбей оқып шықтым. Арасында «Не үшін, құры вайн түсіріп, шошаңдап жүргені үшін бе?» дегендер де болды. Сонда олар менің 25 жылдық еңбегімді көрмеген кісілер болып тұр ғой енді.
Шын мәнісінде, өнер адамдары атақ алса, «Бұларға не үшін береді?» деп сөйлейтіндер көп. Мысалы, мұғалімдер «біз бала оқытып жатырмыз» дейді, дәрігерлер де «біз адам емдеп жатырмыз» деп шығады. Біз де бұл мамандық бойынша білім алдық, өнерімізбен адамдарды рухани емдеп жүрміз. Сондықтан бұны да бір сала, мамандық ретінде қарап, лайықтыларын марапаттап тұру керек», - деді актриса.
Ол сондай-ақ атақ алған кездегі сезімімен бөлісті.
«Әлдеқандай болып қалады екенсің. Өзіңде бір өзгеріс болады екен, әдемі жүргің келіп, ешкіммен ұрыспай... Құрысын, әзіл ғой, бұрынғы Жұлдызаймын. Десе де қазіргі тілмен айтқанда мотивация береді екен. Қанатыңа қанат қосып бергендей, үлкен жауапкершілік жүктеді. Мен мұны алатынымды білген жоқпын. Майра Ілиясова апайымыз ұсынған екен. Ол кісіге үлкен рахмет. Бірақ, бәрібір де маған халқымның әртіс Жұлдызай деген атағынан үлкені жоқ», - деді Жұлдызай Дүйсенбиева.