​«Үстіне алтын қосып берсе де алмас едім»: Нұрлан Албан тегін өзгерткені үшін өкінетінін айтты

0
1 319

«Байқауларда жеңе алмадым, концерттерден шеттетілдім»


​«Үстіне алтын қосып берсе де алмас едім»: Нұрлан Албан тегін өзгерткені үшін өкінетінін айтты

Танымал әнші Нұрлан Албан өзіне сахналық есім ретінде «Албан» деген атты таңдағаны үшін өкінетінін жеткізді. Әнші бұл туралы EL.kz ютуб арнасында мәлімдеді.


Журналист өнер иесіне «Тегіңізді ауыстырып, сахналық лақап атыңызды Албан деп өзгерткеніңіз үшін шеттетілген кезіңіз я болмаса үлкендерден сөз естіген кезіңіз болды ма?» деп сұрақ қойған.


«Өте көп болды. Бұл біріншіден, менің білместігімнен болған дүние деп айтсам болады. Мен бұл лақап атты 1996-жылы алғанмын. Ол кезде «Хабар» радиосы ашылып, мені жұмысқа шақырған. Жүргізуші болып істедім. Сол кезде біздің басшылықта басқа ұлттың адамдары болған. Сол кезде басшымыз «Москва» радиосын тыңдаңдар» деп айта беретін. Бәлкім, «Хабар» радиосының форматын өзгерткісі келген шығар. Сосын «Өздеріңе лақап ат ойлап табыңдар» деп талап қойды.


Ол кезде лақап аттың не екенін де білмейміз. Сөйтіп жүргенде Албан деген лақап ат үш күн қатарынан түсіме кірген. Көргенімді марқұм шешеме айтып едім, «Құдай тағала бір жақсылық берейін деген шығар, Албан дегің келсе атай ғой» деді. Содан бері Албан деген тегім үшін қанша мәрте теперіш көрдім. Үлкен-үлкен ән додаларында Гран-при алып тұрған жерімнен орным төменге сырғыды. Көптеген концерттерге қатыстырмай қойды. Соның өзіне бой бермей келе жатқам.


Ал қазір енді «не деген ақымақ болғам деп ойланам. Сонау 1996-жылы миым, санам қазіргідей толықсып, жетілгенде мен бұл лақап атты үстіне алтын қосып берсе де алмас едім. Неге? Өйткені «Әруақты жерден ат үркиді» деген сөз бар. Бір рулы елдің атын жамылып, соны алып жүру біреуге үлкен абырой болса, біреуге үлкен қорқыныш сыйлайды. Мінекей, мен 27 жылдан бері арқалап жүрмін, руға кір келтірмедім», - деді Нұрлан Албан.


Әнші өзіне осы лақап атты таңдағанда бауырларымен ренжісіп қалғанын жасырмады.


«Сен әкеміздің атын өшірейін деп жүрсің бе?» деп ренжіді. Олар мұның жай ғана сахналық лақап ат екенін түсінбеді. Бірақ... енді қазір екіойлы болып жүрмін. Кейде ауыстырып, өз тегіме оралғым келеді», - деді Нұрлан Албан.