«Ағайындардың жинаған ақшасын төркініндегі тойға берген»: түркістандық әйел абысынының ісіне ренжулі

0
14 548

«Қалтасында көк тиыны жоқ, жаназаға дастархан жаймақшы»


«Ағайындардың жинаған ақшасын төркініндегі тойға берген»: түркістандық әйел абысынының ісіне ренжулі
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өлім-жітім деген бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Қазіргілер келген қонағын бұрынғыдай төрт бауырсақты шашып жіберіп, қара шаймен қарсы ала салмайды. Тіпті жаназаның өзін даңғазаға, тойға айналдырып жібердік», - дейді Гүлсім есімді түркістандық оқырманымыз.


Жақында ғана туған қайынағасының жаназасында болған әйел көрген-білгенін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бір атадан ала да, құла да туады» демекші, ата-енемізден тараған төрт ұл, бес қыздың әрқайсысы әртүрлі. Бірі – жуас, бірі – пысық, енді бірі жоқ жерден ұрыс шығара салатын шатақ мінезді дегендей ғой. Бірақ сонша адамның ішінен ең «періштесі» Мұрсын қайынағам еді. Атын атай алмай отырмын, кім екені белгілі шығар. Мен келін боп түскенде қырықтан енді асқан кісі еді, абысынымыз екеуі бес баланы өсіріп, біреуден кейін, біреуден ілгері күн кешті. Той-жиында ағайындар боп бас қоса қалсақ өзінің табағына түскен жілікті қайынағам маған беретін. Басқалары атымды атап шақырса, осы ағай мені «келін» дейтін. Оның өзі менің құлағыма майдай жағатын. Білмеймін, әрдайым сөзімді сөйлеп, әңгімеге тартып, менің әке-шешемді мақтап отыратын болғасын ба, ерекше жақсы көрдім. Абысыным да жақсы адам, бетіме келіп, қатты сөйлеген кезі жоқ. Бірақ...


Мұрсын қайынағам жылдың басынан ауыра берді. Жағдайлары келіңкіремей, үсті-үстіне екі қыз ұзатып, қарызданып қалғасын абысынымыз Алматыға жұмыс істеуге кеткен. Ол кісі кете сала қайынағамыздың мазасы кетті. Болмағасын қалаға, біздің үйге келіп, күйеуім екеуміз дәрігерлерге тексерттік. «Жүрегінде тромб бар. Шұғыл түрде ота жасамаса болмайды» дегесін, пышаққа түсті. Табыс табуға кеткен абысынымыз да күйеуіне алаңдап, Алматыдан қайтып келді.


Бір айдай тәп-тәуір жүрген қайынағамыз қайтадан мазасыздана бастаған. «Жиі іші қатып қала береді, тамаққа тәбеті жоқ, не істеймін» деп абысын звондағасын қайтадан қалаға алдырттық. Таныс дәрігерлерге апарып көрсеттік, олар диагноз қоюға күмәнданып, онкологиялық орталыққа жіберді. Сөйтсек ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққан екен. Ол бәленің қауіптілігі сол, байқатпай, жаныңды ауыртпай «мүжи» береді. Қайынағамыз білмей, біраз уақыт өткізіп алыпты. Соның кесірінен тоқ ішектің біраз бөлігін кесіп алып, ішектің жартысын сыртқа шығарып қоюға тура келеді екен. Онда да «ісік біраз жерге жайылып кеткен, көпке бара қоймайды-ау, ары кетсе алты ай өмірі қалды» деп дәрігерлер ашығын айтты.


Кім жақынын өлімге қисын, әлгіндей хабарды естісек те ағамыздың денсаулығы үшін зыр жүгіріп, Алматыға дейін апардық. Олардан да сол жауапты естігесін «алты ай болса да өмір сүрсін, бәлкім тәуір боп кетер» деген үмітпен ота жасатуға келісім бердік. Қайынағамыздың халі белгілі, неше уақыттан бері жұмыссыз. Ақша табуға кеткен абысынымыздың да кері қайтқанын көз көріп отыр. Ал ота жасаудың одан кейінгі химиятерапияның тегін болмасы белгілі. Ортадан ағайындар боп шама-шарқымыз келгенше ақша жинап, абысынның қолына ұстаттық.


Ота сәтті өтті. Қайынағамыз аман-есен отбасына оралып, төсекте жатты. Сонда да ісік оңай дейсің бе, екі күннің бірінде дәрігер шақыртып, абысынымыз сомен әлек боп кетті. Өзіміздің дүкеніміз болғасын қайынағамыздың халін білуге барған сайын вермишель, шай, сары май, күріш, гречка, пісте май сияқты заттарды көтеріп барам. «Қоя берші, неге әуре болдың» деп абысыным ыңғайсызданып қалатын. «Ағайдың жағдайын сұрап күніне қаншама адам келеді, соларға тамақ пісіріп берерсіз, әуре ештеңесі жоқ» деп қоймай тастап кететінмін.


Кешегі апта қайынағамыз шын дүниесіне көшті. «Алты айдай уақыты бар» деген дәрігерлердің сөзі рас екен, төрт айда мәңгілікке қайтты. Кірген ауру алмай тынбайды екен ғой, аңқылдаған, мейірімді жаннан айырылып қалдық. Суыт хабарды естігесін дереу жолға шығып, ауылға тарттық. Барсақ бәрі жиналып қалған екен. Жылап-сықтап жүріп таңды атырдық.


«Астанадағы қызы жетіп үлгерсін» деп үлкенер жаназаны кешкі беске белгілеген. Оған дейін келген кісілерге тым болмаса су, нан қояйық, күн ыстық, шөлдейді деп үйдің ішіне дастархан жаямыз дегенбіз. Сөйтсек абысыным «ұят болады, кәдімгідей дастархан жаяйық. Сендер бауырсақ, қаттамаларыңды пісіріңдер» деп қоймайды. Үлкен атамыз «жаназа шықпай жатып иіс шығармайды, немене күйеуіңнен құтыла алмай отыр ма едің, тәйт» деп тыйып тастады.

Келіндердің үлкені өзім болғасын жаназаға дейін ыдыстарды түгендеп, жуып-шая берейік деп асханаға кірсем... масқара... менің осы уаққа дейін апарып берген азық-түлігім әр жерде шашылып жатыр. Макарондардың пакеті жыртылып, бұрыш-бұрышқа төгілген. Құршайдың есебі жоқ, домалап жатыр. «Тегін берген тамақтың қадірі жоқ» деген рас екен. Абысынымыздың салақтығын сол кезде көрдім. Есіл-дағы ақшам-ай деп жүріп бәрін жинастырып қойдым. Қарасақ бауырсақ ашытатын ұн жоқ, оны пісіруге май жоқ. Дереу азық-түліктің тізімін жазып, күйеуімнің қолына ұстаттым. Асығыста артық ақша шықпай кете берген, «Нәзира, өткендегі операциядан 150 мыңдай ақша қалып еді, қайда, соны бер, Гүлсімдер қаражат жасап келсін» деп жеңгесіне барыпты. Сөйтсе ессіз абысын інісінің тойына тай апарым керек деп бүкіл ақшаны тойанаға жұмсап жіберген.


Мына жағдайдан кейін күйеуім қатты ашуланып, айқай-шу боп кетті. «Сенің есің дұрыс па, қайдағы той, қайдағы тойана?! Тәтемнің ауырып жатқанын білесің, қайтыс болатынын да айтты. Кішкене ойланып, керек болар деп тығып отырмайсың ба? Өзің тапқан ақша ма еді ол?! Ағайындардың бала-шағаларының аузынан жырып бергені еді ғой» деп күйеуім ашуланып, дуалды тоқтпақтап қалды. Содан қайтадан ортадан ақша шығарып, керек-жарақты түгендеп, жаназаны өткеріп алдық.


Жаназаға «бата оқып» келген кісілердің ақшасын күйеуімнің өзі жинап, тізімге жазып отырды. Келгендердің қарасы саябырсығасын «мына ақша менде тұрады, жеті күндігіне, қырық күндігіне осыдан мал алып, дастархан жаямыз, мынанша теңге тұр» деп бәріне айтып, әңгіменің басын ашып алды.


Жамбасында көк тиыны жоқ болса да «дұрыстап дастархан жаймасақ болмайды, келгендерден ұят» деген абысынымның сөзі есіме түссе жыным келеді. Әбден «жоқ, жағдайымыз нашар» деп жыламсыраса бәріміз жабылып бере бергенге үйреніп алған екен. Осы жолы да бар ақшасын суға ағызып жіберіп, біздің мойнымызға іле салды. Мейлі ғой, қайынағамыздың аруағы үшін істедік, міндет қылмаймыз. Тек барды үнемдеп, ұқсатып ұстай алмағанына, бес күндігін ойламай тірлік қылғанына қапа болдым. Құдай біледі, қайынағамыз да осындай нәрселерден күйіп, іштен тынып ауру тапқан шығар. Әйтпесе өмірге ғашық адам еді. Ерте кеткені өте өкінішті...»