«Пәтерді де, көлікті де менсінбей, енді менің үйіме көз тігіп отыр»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Ағайын-туыс, тамыр-таныстың өсегіне қалып, туған әкеммен соттасып жүргеніме екі айдың жүзі болды. Қайтейін, Құдай бізге мұндайды да көрсін деген шығар, санасыз әкемізбен сан айтысып, істеп жүргені дұрыс еместігін жетесіне жеткізе алмай келеміз», - дейді Сәуле есімді қарағандылық әйел.
Оқырманымыздың сөзінен түсінгеніміз, соңғы бір жылдан бері әкесі тыныштық бермейді екен. Енді тіпті қызын сотқа беріп, моральдық, материалдық шығын талап етіп отыр екен. Жағдайды Сәуленің өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Отбасымдағы осы бір сынақты жұртқа жария етпес бұрын көп ойландым. Себебі «туған әкесімен соттасып жатыр екен» деген атақ маған абырой әпермейді. Десе де, біздің оқиға өзге біреулерге сабақ болар, әрі ішімдегіні айтып жеңілдеп алсам деген ниетпен хабарласып отырмын.
Әкемнің ит мінезі бар. Титтейімізден сонысын көріп, төзіп өстік. Бәрінен де мамама қиын болды. Өйткені ол мамамның істеген әрбір ұсақ-түйек тірлігіне араласып, масқарасын шығаратын. «Мына шәйнек неге қисық тұр», «мына ыдыс неге өз орнында емес», «тамақты неге көп істегенсің», «бауырларыңа неге ет асып бердің» деп болмайтын жерден ұрыс шығарып, анамды жылататын да отыратын. Сол мінезінен мамам ерте қартайып, жүрек ауруына ұшырап қалды. Қазір қан қысымымен, қант диабетімен есепте тұрады, дәрі-дәрмекті уыстап ішкенін көріп, аяп кетем.
Інім екеуміз әкемізге ұқсамауға тырыстық. Десе де менің кейбір қылықтарым, мінезім оған ұқсап кететін сияқты. Кейде мен де шарт-пұрт кетіп, тез ашуланам, онымды мойындаймын. Ал інім өте сабырлы, онша-мұншаға көтеріле қоймайды. Бірақ бір ашуланса өз-өзіне есеп бере алмай қалатыны бар. Екеуміз де сабақты жасқы оқыдық, университетке өз күшімізбен түстік. Інім дәрігер болды, ал мен кәсіпкерлікті таңдадым. Қазір екі дүкенге Түркиядан тауар жеткізіп, басқарып отырмын. Бірақ жеке өмірімде жолым болмады, бір баламмен ажырасып кеттім.
Құдайға шүкір, менде дүние жетеді. Машинам да, өзім армандаған үй де бар. Басымда артық ақшам болғасын төрт жыл бұрын әке-шешем тұрып жатқан үйді сатып, кеңейтіп, басқа ауданнан 4 бөлмелі пәтер әпергем. Оны әкеме айтпай, інімнің атына жаздырып қойдым. Ал әкем екі жыл бұрын өзінен әлдеқайда жас, ешкімі жоқ жесір әйелдің соңынан еріп кетті.
Басында оның бұл қылығына қатты ашуланып, бетіне қарағым келмейтін. Бірақ мамам кешіріммен қарауымызды өтінді. «Бізбен өмір бақи тұруға ешкім міндетті емес, әр адамның өз өмірі, таңдауы бар, құрметпен қарайық» деп сабыр етті. Содан мен інім мен мамамды өз үйіме көшіріп, төрт бөлмелі пәтерді жалға беріп қойдық.
Мамамның көзін бақырайтып қойып, басқа әйелмен кетіп қалғаны аздай, әкем енді біздің мазамызды ала бастады. Шамасы, екінші әйелі отқа май құйып жібереді-ау, «Мен сендерді асырадым, оқыттым, адам қылдым, енді мені бағуға міндеттісіңдер. Анау төрт бөлмелі үйден менің де үлесім бар, не үшін пәтер жалдап жүрмін» деп ұрыс шығара берді. Мамам да «сұрағанын берші, тыныштық берсін» деп өтінгесін қолымдағы бар ақшаға арзандау, ремонты жоқ 1 бөлмелі пәтер әпергем. Бірақ ол пәтерді әкем місе тұтпады.
«Енді маған көлік әпер» деп күнде миымды жей берді. Не үйде, не жұмыста тыныштық жоқ. Тілемсектеніп келеді де тұрады. «Менің басқа ақшам жоқ» дегенімді түсінбейді. Менен ештеңе өнбесін білген соң мамамның мазасын алады екен. Онсыз да жүрегі ауыратын, қазір тіпті уайымдап, азып кетті. «Анау квартиранттарды шығарып, соны әкеңе бере салшы» деп қоймайды. Оған інім көнер емес, «ертең үйленсем қайда барып тұрам, сатпаймын» деп келіспей отыр.
Өткенде әкем удай мас боп, ішіп алып, үйге келген. Тағы да сол үй, көлік сұрап әрдеңені бір айтты. «Фатима, мына екеуі менің балам болмаса да бағып, қағып өсірдім, сен маған өмір бойы қарызсың» деп былжырап отыр еді, ашуға булыққан інім ұрып тастады. Содан ол үйге полиция шақырып, інім екеуміздің үстімізден арыз жазып, туған баласын қаматып тастады. Білдей бір ауруханада істейтін бауырым қазір әкемнің кесірінен жұмыстан шығып, полицияның табалдырығын тоздырып жүр.
Әкесі мен туған балаларының жаға жыртысып, соттасып жатқаны дұрыс емес екенін білем. Осы сұмдықты тоқтату үшін әкеммен талай рет сөйлесуге де тырыстым, «арызыңды қайтып ал» деп жалындым тіпті. «Астымдағы көлігімді берейін» деп те айттым. «Маған енді көлік емес, сенің үйің керек» деп менің 100 миллиондық жер үйіме көз тігіп отыр. Араны ашылып кеткен, ар-ұят дегеннен жұрдай, бізді бопсалап жатыр.
Үйде мынандай сұмдық боп жатқанда жұмыстың да берекесі қашады екен. Саудамыз тұралап қалды. Інім үшін шыр-пырым шығып, жүгіріп жүрмін. Енді қазір екінші бізді мазаламайтындай еткім келіп не істерімді білмей басым қатып жүр. Қайтейін, жақсылықты түсінбеген адамға соқыр тиын бергім келмей қалды...»